Мерейтой құрметіне - жаңа зауыт

01.12.2011

Сыр бойы (Кызылорда)


Облысымыздың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданы, Кейден ауылының іргесінен осыдан үш жыл бұрын бой көтере бастаған күкірт қышқылы зауыты Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында мерейтой құрметіне пайдалануға берілмекші. Жуырда «Қазатомөнеркәсібі» АҚ вице-президенті Нұрлан Рыспановтың өзі басқарған жұмысшы комиссиясы жобадағы атқарылған жұмыстарды тағы бір тексеріп көріп, талдау жасады.

- Жобаның бас мердігерлері оңтүстік қазақстандық құрылыс компаниялары өздеріне тиісті мін­деттерді талапқа сай атқарып келеді. Қосымша істелуі тиіс жұмыстар жөнінде ескерту мен нұс­қаулар берілді. Оларға материалдық және моральдық жағынан үнемі қолдау білдіріліп келеді, бұл оң үрдіс жалғасын таба береді. Өйткені, аталмыш жоба - біздің еліміздегі сан-салалы тұңғыш жобаның бірі. Оның сапалы өнім өндіруімен бірге, жергілікті халықтың экономикалық әлеуетін арттыруы және де экологиялық жағынан таза, айналаға залалы тимейтіндей болуы барынша назарда ұсталады, - деді вице-президент бізбен әңгімесінде. Бұл пікірді зауыттың бас директоры Мәдіхан Бекжанов та қостап, оны әрі қарай тарата баяндады.

Уран өндіруде көшбасшылыққа шыққан Қазақстан мемлекеті жоғарыдағы зауытты іске қосу арқылы, Сыр өңірінде атомдық отын шикізатын өндіруге жаңа серпін береді. Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы табиғи уран өндіретін кеніштерді күкірт қышқылымен қамтамасыз ете­ді. Сонымен қатар тың жұмыс көзін ашу негізінде оған жергілікті тұрғындарды тарту, жаңа технологиямен жұмыс жасай алатын мамандарды дайындау мәселесі біршама оң шешімін табуы тиіс. Бұл халықаралық маңызы бар ауқымды жобаға Жапон елінің «Марубени», «Тепко» және Канаданың «Uranіum One» корпорациялары қатысуда.

- Нақты кезеңде аталмыш зауыттың құрылысын белгіленген мерзімінде аяқтау үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану үстіндеміз. Сондықтан да уақытпен санаспай жұмыс жүргізіп келеміз. Кәсіпорында қазіргі кезде жалпы үш жүзден астам түрлі саланың мамандары мен жұ­мысшылары қызмет жасап келеді. Олардың арасында құрылыс жұмысына қалыптасқан, қайта мамандандырылған жергілікті тұрғындар саны да баршылық, - дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Асқар Шобантаев асығыс болса да баспасөз үшін бір ауыз лебіз білдіруге кідіріс жасап.

Бүкіл елімізде дүркіретіп атап өтуге дайындық жұмыстары тиянақталып жатқан мерейтой қарсаңында өнім өндіруге қосылатын өндіріс орнының жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қолдау тұрғысындағы шараларын да атап өткен жөн болар. Мәселен, 2008 жылдан бері осы маңдағы Кейден, Аққұм елді мекендеріне жағдай жасау мақсатымен тұщы ауыз сумен қамтамасыз ететін бір скважина қазылса, Кейден ауылының аяқ су жүретін арықтарын тазалауға да көмек берілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мектеп оқушыларына қаржылай көмектер беріліп келеді. Аудан орталығының сәулетін арттыруға және кент ішіндегі «Жеңіс» паркін көркейтуге де 1 млн. теңге көлемінде қолдау білдіріліпті. Өнім өндіріліп, кіріс кіре бастаған соң бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса түсетіндігі сөзсіз.
 



жаңалықтарға оралу