Сирек металл сыр өңірінде өндіріледі
24.10.2011"Дала мен Қала"
Қазақстан тау-кен саласында сирек кездесетін металдарды өндіру жобасына инвестиция тартуда өзге елдерден оқ бойы озық тұр. 2011 жылдың жартыжылдығында Қазақстанда сирек кездесетін металдарды экспорттау деңгейі 75 пайызға өскен. Қазіргі таңда әлемде ванадий, ниобий, галлий сынды металдарға сұраныс та жоғары. ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігі индустрияландыру картасы аясында 60-тан астам жобаны жүзеге асырып жатыр. Солардың арасында сирек металдарды өндірумен айналысатын отандық кәсіпорындардың жобалары да бар.
Дүниежүзінде 70-тен астам металл балқытылатыны белгілі. Оларды мамандар 14 салаға бөліп, жіктейді. Бұл металдар ғылыми-техникалық революцияның нәтижесінде пайда болып, адамзаттың игілігіне жұмыс істеуде. Реактивті ұшақтар, ғарыш кемелерін, атом реакторларын жасау үшін ерекше қасиеті бар, мүлдем жаңа конструкциялық материалдар қажет. Ондай қасиеттер тек сирек кездесетін металдарда ғана бар. Олар жоғары температура мен коррозияға төзімді. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанда сирек металдарды өндіретін жаңа өндіріс ошақтары мен тұтас зауыттар пайда болғаны белгілі. Соңғы кездері елімізде ванадий өндіру қарқын алып келеді. Ванадий ауыр металдар тобына жататыны белгілі. Ауыр металл кендерінің құрамы өте күрделі. Оларды тиімді өндіру үшін шикізатты жоғары деңгейде өңдейтін технология қажет. Осы ретте бір ғана Шымкенттегі қорғасын зауыты 14 түрлі өнім шығаратынын айтсақ жетіп жатыр. Әдетте ауыр металдардың құрамында 40 пайызға дейін күкірт ілесіп жүреді. Сондықтан оларды балқыту кезінде улы газдар қоршаған ортаға көп мөлшерде тарайды. Ауыр металдардың тағы бір ерекшелігі – құрамында пайдалы компоненттер аз. Сондықтан балқыту зауыттары шикізат көзіне таяу орналасады.
Бүгінде инвестициялардың жоғары көлеміне қарамастан, еліміздің тау-кен саласында бірнеше кемшіліктер бар. Басты мәселе технологиялық жабдықтаудың ескіруі мен энергия сыйымдылығының төмендігі. Соған қарамастан Қазақстанның тау-кен өндірісі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құрап отыр. Болашақта бұл көрсеткіш бірнеше есеге артатын болады. Қазақстанның тау-кен саласы бойынша негізгі серіктестіктері ретінде Қытай, Ресей, Италия, Германия, Жапония, Нидерланды, Ұлыбритания және Түркияны атауға болады.
Енді негізгі әңгімемізге көшсек. Қазір сирек кездесетін ванадийді өндіру Қызылорда облысында қарқынды жүріп жатыр. Отандық ванадий өндірісінің аяқтан тұруына Қаратау маңындағы кенішті игеріп жатқан «Балауса» кәсіпорны айрықша үлес қосуда. Қасиетті Қаратауда орналасқан кен орны 1942 жылы ашылғаны белгілі. Ванадийді сілтісіздендіру арқылы өндіруде мол тәжірибе жинақтаған «Балауса» компаниясы 2007 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. О баста кәсіпорын қызметкерлері дүниежүзіндегі ванадий өндірісімен айналысатын кәсіпорындарды аралап, олардың кен өндірудегі технологиясын сараптап шыққан-ды. Осындай қарымды жұмыстардың арқасында Сыр өңірінде металлургия саласына аса қажетті метаванадат аммоний алуға қол жеткізілді. Кәсіпорын өндірісте заманауи әдістерді қолданудың арқасында ванадий өндіруге кететін күкірт қышқылының шығынын азайтып, металдың құрамдас қоспаларын жоғалтпауға қол жеткізді. Алдағы уақытта компания ванадий кенімен бірге жылына 15 мың тоннадай молибден мен сирек кездесетін көміртегі-кремний қоспасын өндіруді де жоспарлап отыр.
Шиелі ауданындағы кен байытатын кәсіпорынның негізгі зауыты 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында іске қосылады деп күтілуде. Ал 2014 жылға қарай кен өндіру 4 млн. тоннаға жететін болады. Ол үшін тағы да жылына 500 мың тонна кен өңдейтін зауыт салынбақшы. Осы ретте еліміз бойынша барланған ванадий кені қорының 65 пайызы Қызылорда облысында орналасқан. Сондықтан Сыр өңірінде бой көтерген өндірістің болашағы зор деп нық сеніммен айтуға болады. Мамандардың айтуынша, бір келі ванадий алу үшін кемінде 2-3 тонна тасты ақтару қажет. Таза ванадийді руданың арасынан тазартып алу үшін жуу, сүзу, кептіру, үрлеу секілді күрделі жұмыстар жүргізілетіні белгілі. «Балауса» компаниясы Шиелі ауданының орталығынан 90 шақырым жердегі Қарамұрын деп аталатын жерде өзінің қорыту зауытын орналастырған. Қазір мұнда 80 адам жұмыс істеп жатыр. Алғашқы кезекте сынақ есебінде өндірілген 3 тонна өнім Ресей, Англия, Жапония ғалымдарының зор бағасына ие болғанын айта кетуіміз керек. Жуық арада автомобиль өндірісімен кәсіби түрде айналысатын ірі зауыттар қазақстандық компаниямен ынтымақтастық орнатуға күш салуда. Бұдан кейін тапсырыстардың көлемі артып, жұмыс қарқын ала бастайтын болады. Өз кезегінде серіктестіктің бас директор Андрей Кузнецов оның жаңа технологияларын іздестіру бағытында басқа да осы тектес өндіріс орындарында жиі аралап, іс-тәжірибе жинақтауда. Осы төңіректегі жерасты қойнауында 72 млн. тонна руда бар деп болжануда. Бұл Сыр өңірінде тағы бір өндіріс ошағының бой көтеріп келе жатқанын айғақтайды.
Қызылорда облысында 2015 жылға дейінгі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бірнеше жобалар қабылданған болатын. Солардың бірі һәм бірегейі «Балауса» кәсіпорнының тау-кен бағытында ваннадий өндіру жобасы. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асатын болады. Бірінші кезеңде 4500,0 млрд. теңге инвестиция салынып, 250 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жоба сәтімен іске асса Қазақстан ванадий өндірісі бойынша әлемді таңдай қақтыратын болады.
