«Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ мен қытайдың CNNC және CGNPC энергетикалық компаниялары арасындағы стратегиялық серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылғаны туралы
06.11.20082008 жылғы 31 қазан күні Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Қытайдың China National Nuclear Corp (CNNC) және China Guangdong Nuclear Power Co (CGNPC) энергетикалық корпорациялары арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Келісім бірнеше бөліктен тұрады: Қытайдың атом энергетикасында қолдану үшін ұзақ мерзімді табиғи уран жеткізіп беру, қытайлық әріптестермен бірге Қазақстан аумағында уран кен орындарын игеру, қытайлық АЭС-тер үшін отын шығару және біз үшін қызметтің жаңа бағыты – Қытайда атом электр стансаларын салу. «Сөйтіп, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК өзінің қызметіндегі мүлде жаңа әрі болашағы жарқын бағытқа шығады, ол – атом стансаларын құру», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Мұхтар Жәкішев 6 қараша күні Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында. Келісімнің маңызды шарттарының бірі АЭС құрылысына ғана емес, сонымен бірге оны отынмен жабдықтауға да қатысу болып табылады. «Қазатомөнеркәсіп» Қытайдың жабық отын рыногына қол жеткізген алғашқы шетелдік компания», - деді Жәкішев мырза. Оның есесіне Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы (CGNPC) қазақстандық Иіркөл (Қызылорда облысында, өндірістік қуаты жылына 750 тонна U3O8) және Семізбай (Ақмола облысында, өндірістік қуаты жылына 500 тонна U3O8), ал Қытайдың мемлекеттік ядролық өнеркәсіп корпорациясы (CNNC) Жалпақ (Оңтүстік Қазақстан облысында, жылына 750 тонна U3O8) кен орындарын игеретін біріккен кәсіпорыннан өз үлесін алатын болады. Соның өзінде жаңадан құрылатын өнім өндіруші біріккен кәсіпорындардағы 51 пайыз үлес «Қазатомөнеркәсіпке» қалдырылып, қалған 49 пайыз қытайлық серіктестерге берілмек. Қытайда 56 АЭС құру ресми түрде бекітілген. «Қазатомөнеркәсіп» басшысы АЭС-тің түпкі бағасының 50 пайызы құрылыстың үлесінде екенін мәлімдеді. АЭС құрылысының жаһандық рыногын М.Жәкішев 1,5 трлн. долларға бағалап отыр. Атом энергетикасы саласындағы қазақстан-қытай біріккен жобаларын жүзеге асыруды жеделдету үшін «Қазатомөнеркәсіп» Бейжіңде өз өкілдігін ашуды жоспарлауда.
Мұхтар Жәкішев сондай-ақ, 4-5 қараша күндері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның құрылымдық бөлімшелері мен барлық еншілес және біріккен кәсіпорындардың басшылары қатысуымен кеңес өткізілгенін хабарлады. Кеңесте әлемдік қаржы дағдарысының «Қазатомөнеркәсіп» қызметіне әсері талқыланған. Дүние жүзілік деңгейдегі компания ретінде «Қазатомөнеркәсіп» сыртқы жағдайлардың нашарлауы кезінде жұмыс жүргізудің түрлі сценарийлерін жасап шықты. Сонымен қатар, кеңес қатысушылары дәл қазір «Қазатомөнеркәсіп» бәсекелі басымдыққа ие, өйткені компания дағдарыс жағдайында жұмыс жүргізудің үлкен тәжірибесіне ие деген тұжырым жасады. «11 жылдың 9-ында біз өзімізге үйреншікті орта болған қолайсыз жағдайда өмір сүріп, еңбек еттік. Біздің менеджменттің дайындығы мықты, батыстағы компанияларға қарағанда бізде дағдарысқа қарсы тәжірибе басым», - деді М.Жәкішев. Көп нәрсенің күмәнді шағында «Қазатомөнеркәсіп» жобаларының инвестициялық тартымдылығы бұрынғыдан да арта түспек. Оның үстіне, компания өндіретін өнімдерді нақты тұтынушылардың саны қысқармастан, арта түсуде. «Қазатомөнеркәсіптің» кәсіпорындары бойынша дамудың түрлі нұсқалары жасалуда: сырттай қаржыландыру болмаған жағдайда, қаржыландыру аз болған жағдайда немесе қаржыландыру қымбаттаған жағдайда деген сияқты. Мұндай сценарийлерді әзірлеудің өзі дағдарыс жағдайындағы басқарудың бір қыры іспетті. Жәкішевтің пікірінше, ең нашар сценарий саналатын сыртқы қаржы көздерінің жетіспеушілігі сезілуі мүмкін деген болжам да қиялға жақын. «Әйтсе де, олардың болуы мүмкіндігін ескергендіктен, мұндай оқиғаның бәріне біздің сценарийіміз дайын болуға тиіс. Себебі, егер оқиға орын алар болса, ал сценарийіміз болмаса – дағдарыс жағдайында оны жасап отыру өте кеш болмақ», - деп түсіндіреді М.Жәкішев. Ол сондай-ақ, жуырда ғана «Қазатомөнеркәсіптің» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрамына енгенін, соның арқасында жаңа жобаларды кепілді қаржыландыру мүмкіндігі туғанын да еске сала кетті. «Самұрық-Қазынаның» қоластына өту «Қазатомөнеркәсіптің» тәуекелдерін төмендете түседі», - деді М.Жәкішев. Сөзінің соңын ұлттық атом компания басшысы: «Компанияның болашағы бойынша бізде ешқандай алаңдаушылық жоқ – не өндірістік, не әлеуметтік жоспарларға қазіргі жағдай көлеңкесін түсірмейді», - деп түйіндеді.
Түйін:
«Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының кіреді.
