«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның толық ядролық-отын циклына ие тігінен интеграцияланған трансұлттық компания қалыптастыруды аяқтағаны туралы

22.07.2008

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы бүгінгі таңда толық ядролық-отын циклына (ЯОЦ) ие тігінен интеграцияланған трансұлттық компания қалыптастыру ісін толығымен аяқтады. Сөйтіп, Қазатомөнеркәсіп стратегиялық міндетті – тұтас өндірістік тізбекті құру және әлемдік рынокқа уран өнімін мейлінше қосымша үстеме ақымен жеткізіп беруді орындауға кірісті. Толық ядролық-отын циклын қалыптастыру мен Қазатомөнеркәсіптің өндіруді арттыратын «2010 жылға қарай 15 мың тонна» стратегиялық бағдарламасын сәтті жүзеге асырудың негізгі нәтижелеріне тоқталамыз.

2008 жылы Қазақстанда 9000 тоннадан астам уран өндіруді межелеген. Үстіміздегі жылы жаңа кеніштер уран кен орындарын игеруге кіріседі:

- Иіркөл. Жобалық қуаты - жылына 750 тонна. 2008 жылғы тамызда іске қосу жоспарланған;

- Батыс Мыңқұдық («Аппақ» ЖШС), жобалық қуаты – жылына 1000 тонна уран, 2008 жылғы 3 маусымда жұмыс бастады;

- Ыңғай. Жобалық қуаты – жылына 2000 тонна уран (2014 жылға қарай жобалық қуаты 4000 тонна шығуы көзделген). Іске қосу мерзімі – 2008 жылғы тамыз айы;

- Қорасан-1 («Қызылқұм» ЖШС) жобалық қуаты – жылына 3000 тонна уран;

- Қайнар учаскесі («Таукен компаниясы» ЖШС), жобалық қуаты – жылына 300 тонна уран;

- Оңтүстік Ыңғай. Жобалық қуаты  -2000 тонна. Қазір тәжірибелік өндіру жүргізілуде, өнеркәсіптік өндіріс 2009 жылы басталады.

Жұмыс бастауы 2009 жылға жоспарындағы кеніштер:

- Қорасан-2 («Байкен - U» ЖШС) жобалық қуаты – жылына 2000 тонна уран;

- Семізбай («Семізбай» ЖШС) жобалық қуаты – жылына 500 тонна уран, 750 тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.

2009 жылы Қазақстанда уран өндіру 12826 тоннаны құрайтын болады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Стратегиялық маркетинг департаментінің мәліметтерінше, келесі жылы Канадада уран өндіру 11100 тоннаға, Австралияда 9430 тоннаға жетеді (болжам ресми жарияланған деректер негізінде жасалды). Демек, Қазақстан 2009 жылдың өзінде уран өндіруші елдер арасынан суырылып шығып, бірінші орынға көтерілуі әбден мүмкін.

2008 жылғы 3 маусым күні «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен Канаданың Cameco Corporation компаниясы біргелікте Үлбі металлургия зауыты базасында жаңа біріккен кәсіпорын - «Үлбі Конверсия» ЖШС құрды. Бұл конверсиялық өндірістің жылдық қуаты 12 мың тонна уран гексафторидын (UF6) құрайды (конверсия бойынша әлемдік қуаттың шамамен 17 пайызына тең). Жаңа біріккен кәсіпорындағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның үлесі 51 пайыз болып, қалған 49 пайыз Cameco Corporation еншісінде. Конверсиялық зауыт құрылысының техника-экономикалық негіздемесі серіктестердің жобаға қатысу үлесіне сай қаржыландырылып, құрылысты 2009 жылы аяқтау жоспарланған. Конверсиялық зауыт құрылысына қажетті технологияны Cameco жеткізіп береді.

Естеріңізге сала кетейік, ЯОЦ тағы бір тармағы – уранды байыту болып, ол 2006 жылы қол қойылған Ресеймен ынтымақтастықтың атом энергиясы саласындағы мемлекетаралық бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады. «Уранды байыту орталығы» Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны Ангарск қаласында (РФ, Иркутьск облысы) орналасады. Алғашқы өнім алу 2011 жылға жоспарланған.

Байытылған уран гексафторидын (UF6) уран қостотығына реконверсиялау «ҮМЗ» АҚ-ның қолда бар технологиялық қуаттарымен жүзеге асырылады. Реконверсия нәтижесінде алынған (UO2) қостотығы ұнтағы отын түймелерін өндіруде қолданылады. Қазатомөнеркәсіп Ұлттық атом компаниясы қазір уран қостотығы мен батыстық дизайндағы барлық реакторлар үшін отын түймелерін сертификаттауды бастады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 11 маусымдығы Парижге ресми сапары кезінде француздың «Арева» корпорациясымен ядролық-отын циклындағы түпкі өнім саналатын жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт құрылысы жөніндегі жаңа келісімге қол қойылды. Арева Қазатомөнеркәсіпке қарасты Үлбі металлургия зауытында жылдық қуаты 1200 тонналық отын құрамаларын шығаратын өндірісті құру үшін қажетті техникалық қолдауды қамтамасыз етеді. Жинақтау өндірісінде француздық дизайндегі реакторлар үшін өндірістік қуаты 400 тонналық дербес желі жұмыс істеп, оған қажетті отын түймелерін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жеткізіп береді. Қалған 800 тонна өнім отын ретінде Westingnouse дизайнына сәйкес реакторларға қолданылатын болады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру 170 млн. АҚШ долларына бағаланған. Өндірістің құрылысы 2009-2012 жылдарға жоспарланып, алғашқы өнім 2013 жылға межеленген.

Ядролық-отын циклы өз ішіне уран өндіруді және уран концентраты, конверсия, байыту, реконверсия өндірісін және уран қос тотығын алуды,отын түймелерін, отын құрамаларын шығаруды (ЯОЦ түпкі өнімі) қамтыған.

Тарихи қалыптасқан жағдайға сәйкес Қазақстанда ядролық-отын циклының тек екі тармағы – уран өндіру және отын түймелерін шығару (Үлбі металлургия зауыты базасында) болды.

Толық ядролық-отын циклына шығу және уран өндіруді ұлғайту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының шикізаттық емес сегменты экспортының үлесі екі есеге дерлік өседі.

Мұнан басқа, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сирек металдарды барлау, өндіру, қайта өңдеу, сондай-ақ оларды экспорттау мен импорттау бойынша да мемлекеттің мүддесін де қамтамасыз етуде. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен Қазатомөнеркәсіп сирек металдарды барлау, өндіру, экспорттау мен импорттау бойынша ұлттық оператор ретінде анықталды.

Аталмыш саладағы ынтымақтастыққа жапон компаниялары аса қызығушылық танытып отыр.  Қазақстан-Жапон ынтымақтастығын тереңдетуге Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығындағы үкімет делегациясының үстіміздегі жылғы маусым айында Жапон еліне жасаған сапары жаңа серпін берді. Сапар аясында 20 маусым күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Toshiba Corporation компаниясы арасында атом саласындағы, соның ішінде сирек және сирекжерметалдары саласындағы ынтымақтастықты жүргізу туралы Меморандумға қол қойылды.

Бүгінгі таңда Жапония сирек металдарға деген сұранысының 90 пайызын Қытайдан алып келеді.

Жапон елі Қазақстанға өзінің мемлекеттік жоспарын жүзеге асыруда серіктес және жапон өнеркәсібінің мұқтаждығы үшін материалдар жеткізіп беруші болуды  ұсынды. Бұл ретте біздің мүддеміз жоғары дайындық деңгейіндегі өнімдер шығару бойынша жаңа біріккен өндірістер ашу екені Қазақстан тарапынан атап көрсетілді. Жапон жағы бұл мәселедегі Қазақстан ұстанымымен келісті. Атап айтқанда, сирек металдар өндіру, концентрат, таза металл және түпкі өнім өндірісін бірге ұйымдастыру көзделген. Жалпы сирек металдар экспорты көлемінде түпкі өнім 30 пайызды құрайтын болады.

Шетелдік серіктестердің үлкен қызығушылығын және оларда бар осы саладағы жоғары технологияны ескере отырып компания Қазақстан аумағындағы сирек және сирекжерметалдарын барлау, өндіру, қайта өңдеу және жоғары технологиялық өндірісті жасау бойынша кешенді бағдарлама әзірлеуде.

Жақын болашақта бұл бағытта біріккен кәсіпорындар құру бойынша жұмыстар қолға алынады.

  • «Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания акцияларының 100% ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, яғни мемлекетке тиесілі. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының үштігіне кіреді.

www.kazatomprom.kz


жаңалықтарға оралу