«ҮМЗ» АҚ-да сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарын шығаратын өндірістің ашылуы туралы

11.12.2008

2008 жылдың 11-желтоқсан күні Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарын шығаратын цехтің ашылу рәсімі өтті.  

Салтанатты рәсімге ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК президенті Мұхтар Жәкішев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергенов, «ҮМЗ» акционерлік қоғамының бас директоры Нұрлан Мусин және кәсіпорын жұмысшылары мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарының өндірісін ұйымдастыру - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның Үлбі металлургия зауыты негізінде Мемлекеттік «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасының аясында атқаратын серпінді жобаларының бірі.

«Ақылды» металл:

Сыйымдылығы жоғары тантал ұнтақтары наноқұрылымды материал болып табылады. Тантал ұнтақтарындағы заттың 0,5 грамында 4,5 шаршы метрден астам кеңістік түзіліп, сол арқылы салмақ бірлігіндегі үлкен сыйымдылық қамтамасыз етіледі. Бұл әдістер  сыйымдылығы жоғары конденсаторлы тантал ұнтақтарын шығаратын технологиялық циклдың негізін қалап, ол кейінірек электр сызбасындадағы конденсатор жұмысы барысында электр зарядын ұзақ уақыт бойы сақтауды қамтамасыз етеді. Мәселен, сыйымдылығы жоғары наноқұрылымды тантал ұнтағының небәрі 0,5 грамынан шартты аумағы Жер шарының диаметріне тең келетін элепктр зарядын жинақтай алатын конденсатор жасауға болады.

Осындай қасиеттерінің арқасында сыйымдылығы жоғары ұнтақтар қазіргі заманғы электрониканың талаптарын қанағаттандыра алатын мейлінше кіші конденсаторларды жасау мүмкіндігін береді, тиісінше қымбат бағалы металл санатындағы тантал аз жұмсалатын болады. Мысалы, қазір баспа монтажы үшін бір конденсатор жасап шығаруға кемінде 0,6 миллиграмм ұнтақ жұмсалады.

Электролитті тантал конденсаторлары жұмыста мейлінше қалыпты, сенімді әрі төзімді: олардың қызмет ету мерзімі 12 жыл, тіпті одан да көп. Миниатюралық тантал конденсаторлары ұялы телефондар, компьютерлер, аудио-бейне техника үшін құрамдас бөліктер жасауда, автомобиль өнеркәсібінде, әскери-өнеркәсіптік кешенде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, ыстыққа төзімділігі, иілгіштігі, коррозияға ерекше жоғары шыдамдылығы сияқты бірегей қасиеттері арқасында тантал металлургияда, металл өңдеуде, химиялық машина жасауда, аспап жасауда (рентген аппаратурасы), аэроғарыштық техникада (жоғары температурадағы конструкциялық материал), медицинада (қалпына келтіру хирургиясы мен протездеуге экологиялық таза материал), ядролық энергетикада (ядролық-энергетикалық жүйе үшін жылу алмастырушы ретінде) пайдаланылады. Бұл конденсаторлардың өзін-өзі «жөндей» алатындығы тіпті ғажап. Айталық, егер жоғары кернеу кезінде тұтанған ұшқын оқшаулау қабатын бұзғандай болса, сол мезгілде-ақ әлгі жерде жаңадан оқшаулаушы қабыршақ қалыптасады да, ештеңе болмағандай конденсатор жұмысын одан әрі жалғастыра береді.

Үлбі металлургия зауыты негізінде конденсаторлы тантал ұнтақтары өндірісін жобалық қуатқа шығаратындай етіп сатылап іске қосу жылына 72,9 тонна түрлі кластағы тантал ұнтақтарын өндіруге мүмкіндік туғызады.

Сыйымдылығы жоғары конденсаторлы тантал ұнтақтарын шығаратын өндіріс – Қазақстан Республикасының конденсатор жасау саласындағы тұңғыш жоба болғандықтан жоғары технологиялық инновациялық өнеркәсіпті дамытудың басты шарттарының бірі ретінде маңызды.

Сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарын шығаратын өндірісті ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асыру нәтижесінде «ҮМЗ» АҚ бір мезгілде бірнеше мақсатқа қол жеткізеді:

  • Нанотехнология саласын дамытуға негіз болатын жаңа инновациялық технологияларды әзірлеу;
  • Қосымша құны және сұраныс деңгейі жоғары өнім шығару;
  • Жаңадан 145 жұмыс орнын ашу.

Өндірістің ашылу салтанатында аталып өткендей, сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарын шығаратын зауыт құрылысы Қазақстанның электронды өнеркәсібін қалыптастырудағы маңызды қадам болып, ол әлемдік ірі конденсатор жасаушы компанияларға өнім жеткізіп беруде «ҮМЗ» АҚ-ның жетекші шепке (рыноктағы үлесі 5-7 пайызды құрайтын) орнығуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда сыйымдылығы жоғары тантал ұнтақтарын өндіруді АҚШ, Германия, Жапония және Қытай сияқты әлемнің төрт елі ғана меңгерген.

Жобаның жалпы сметалық құны шамамен бес жарым миллиард теңгені құрайды. Жоба «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Жаңа өндіріс толықтай автоматтандырылған ең заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып жасалған Қазатомөнеркәсіптің өз ғылыми зерттеулеріне негізделген.

Түйін:

Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.

 «Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енген. 2009 жылы «ҮМЗ» АҚ құрылғанына 60 жыл толады.


жаңалықтарға оралу