«АТОМЭКСПО-2011» форумына қатысу туралы баспасөз баяны

07.06.2011

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшиннің басшылығындағы сапартоп Мәскеуде өтіп жатқан «Атомэкспо-2011» Халықаралық форумына қатысуда.

Делегация құрамында холдингке қарасты жетекші кәсіпорындардың – «Тау-кен компаниясы» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ және «Волковгеология» АҚ-ның өкілдері бар.

 «Атомэкспо-2011» форумы өтетін үш күн барысында ядролық энергетикада өз орны бар әлемдік компаниялардың мамандары атом саласының бүгінгі таңдағы маңызды мәселелерін талдап, сарапқа салатын болады. Бұл жолы қауіпсіздік мәселелеріне қай кездегіден де айрықша мән беріліп отыр.

 Форум аясындағы «Геотехнологиялық әдістермен уран өндірудің жаңа технологиялық платформасы» атты панельдік сессияда Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне қатысты үш бірдей баяндама ұсынылмақ. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Өндірістік-техникалық департамент директоры Юрий Демихов ұлттық атом компаниясының тау-кен кәсіпорындарына арналған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер кешені туралы; «Волковгеология» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Сушко бұрғылау паркін техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру туралы; «Тау-кен компаниясы» ЖШС өкілі Юрий Бурых «Кеніш» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолдана отырып уран өндіруді басқару туралы баяндамалар жасайды.

 Сонымен қатар, халықаралық форум шеңберінде жұмыс істейтін атом өнеркәсібі және аралас салалар кәсіпорындарының мамандандырылған көрмесіне Қазатомөнеркәсіп те ауқымды экспозиясын ұсынып отыр. Мұнда компанияның қазіргі тынысы, ядролық отын қызметі рыногындағы алар орны мен болашағы, дамудың жаңа бағыттары жөнінде мол мағлұматтар топтастырылған.

 Көрмеге атом өнеркәсібінің жетекші компаниялары және оларға жабдықтар мен бөлшектер жеткізіп беретін 70-тен астам кәсіпорындар қатысып, өздерінің өнімдері мен қызметтерін ұсынуда.


жаңалықтарға оралу