«Демеу - Таукент» дәрігерлік-санитарлық бөлімінің ашылуы туралы баспасөз-баяны
17.06.2011
2011 жылғы 17 маусым күні Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Таукент кентінде жаңа дәрігерлік-санитарлық бөлімнің ресми ашылу салтанаты болады.
Салтанатқа «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Владимир Школьник, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директорлары Данияр Әбілғазин мен Жандос Әбішев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болат Әлиев қатысады.
«Демеу-Таукент» дәрігерлік-санитарлық бөлімі (ДСБ) 2004 жылдың қаңтар айынан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның құрамында тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Енді оның жанынан жаңа аурухана корпусы қоса салынып, бөлім толық жөндеуден өткізілді. Ал бұрынғы корпус базасында балалар бақшасының құрылысын бастау жоспарланған.
Таукенттегі дәрігерлік-санитарлық бөлімді қайта жаңартуға 509 млн. теңге бөлініп, содан 66 млн. теңге кабинеттерді қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықтауға жұмсалды.
Бөлім жанынан ашылған бір ауысымда 100 сырқатты қабылдай алатын емхана, 40 төсек-орындық стационар, клиникалық зертхана, жедел жәрдем пункті, физиотерапия, массаж, сондай-ақ УДЗ (УЗИ) және ЭКГ қондырғылары орнатылған рентген кабинеттері жұмыс істеп тұр. Мұнда дәрігерлік қызметтің дерліктей барлық түрі қамтылған, соның ішінде жалпы хирургия, гинекология, педиатрия, стоматология және тағысын тағылар бар.
«Демеу-Таукент» ДСБ ауылдағы жалғыз емдеу мекемесі болғандықтан, Таукенттің 6000 тұрғынымен қатар, сол маңдағы елді мекендердің жұртшылығына да дәрігерлік қызмет көрсетеді.
Салтанатты жиын соңында дәрігерлік-санитарлық бөлімнің үздік қызметкерлеріне төл мерекелері – Медицина қызметкерлері күніне орай «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК және «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» әлеуметтік компаниясының, Оңтүстік Қазақстан облысы және Созақ ауданы әкімдерінің Грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылады.
Денсаулық сақтау саласын дамыту – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Халыққа Жолдауында басымдық берілетін маңызды бағыттардың бірі. Компания мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдайды.
Қазатомөнеркәсіптің әлеуметтік саладағы қызметінің негізгі бағыттарына әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысы, оларды қалпына келтіру және ұдайы дамыту, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа қолдау, сондай-ақ көркейту және көгалдандыру жұмыстары жатады.
