«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Келімбетов қатысуымен өткен кеңес туралы ақпараттық хабарлама

28.09.2010

Бүгін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетовтің төрағалық етуімен кеңес болып өтті. Жиында ұлттық атом компаниясы кәсіпорындары тобының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы қаралып, Қазатомөнеркәсіп қызметінің қаржы көрсеткіштері талқыланды.

Кеңесте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник мәлімдегеніндей, компания 2010 жылды жақсы нәтижелермен қорытындылап келеді. «Біз әлемдік рынокта ең негізгі уран жеткізіп берушілердің бірі ретінде орнықтық, енді елімізге қосымша құны жоғары өнімдер беретін ядролық-отын циклы саласындағы жаңа жобаларға, сонымен қатар энергетиканың баламалы түрлерін дамытуға кірісетін кез келді», - деді Қазатомөнеркәсіп басшысы.

Тұтастай алғанда ұсынылған жобаларды мақұлдайтындығын білдірген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы алда тұрған басты міндет біреу – «Қазатомөнеркәсіп атом саласында әлемдегі ең үздік компаниялардың бірі болуға тиіс» деп атап көрсетті. Қ.Келімбетов компанияны дамытуға қатысты мәселелерді шешуде қор акционеры тарапынан қолдау болатынын уәде етті.

Басқосу соңында Қайрат Келімбетов бүгін атап өтіліп жатқан кәсіби мереке – Қазақстан Республикасы Атом саласы қызметкерлерінің күні құрметіне Қазатомөнеркәсіптің бірқатар қызметкерлеріне «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Құрмет грамоталарын табыс етті.
  
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   
 
 

жаңалықтарға оралу