«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2010 жылдағы қызметінің қорытындысы туралы баспасөз баяны

01.02.2011

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамы 2010 жылдағы өндірістік қызметінің алдын-ала қорытындыларын шығарды. Содан мәлім болғанындай, Холдингке қарасты кәсіпорындар 2010 жылдағы өндірістік жоспарларын толығымен орындап, болжам жасалған барлық көрсеткіштерге қол жеткізді.

2010 жылы Қазақстанда 17 803 тонна уран өндірілді, бұл 2009 жылғы деңгейден 30%-ға көп. Осылайша, елімізде 2009-2010 жылдары уран өндіру көлемі екі есеге ұлғайды.

2010 жылы еншілес және бірлескен кәсіпорындарды қоса есептемегенде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өзі 9 000 тонна уран сатып, уран өнімдерін өткізу көлемін 2009 жылғы деңгейден 30%-ға көбейтті. Есепті жылдың соңына таман ұлттық атом компаниясының тапсырыстар қоржыны $17 млрд. құрады.

Алдын-ала жүргізілген есептеулер бойынша, Ұлттық атом компаниясының 2010 жылдағы таза табысы 53 млрд. теңге төңірегенде болмақ, бұл 2009 жылғымен салыстырғанда 24%-ға артық. Табыстың мұншалықты молаюы уран өнімдерін сату көлемінің өсуімен тығыз байланысты.

2010 жылдың мамыр айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 500 млн. АҚШ доллары сомасындағы дебюттық еурооблигацияларды 6,25% купондық мөлшерлемемен 5 жылдық мерзімге орналастырды. Еурооблигациялар RegS/144А ережелері мен қазақстандық заңнамаларға сәйкес шығарылды. Облигацияларды орналастыру жұмыстары Қазақстан Республикасында ұйымдастырылған құнды қағаздар нарығында облигацияларды шетелдік мемлекеттер аумағында орналастырудың басталуымен бір мезгілде жүргізілді. Еурооблигацияларды орналастырудан түскен қаржы ортақ корпоративті мақсаттарға жұмсалады. Шығарылымды JPMorgan, BNP Paribas сияқты шетелдік қаржы институттары мен отандық «Халық Финанс» АҚ сәтті ұйымдастырды.

2010 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мынадай бірқатар ірі өндірістік жобаларды атқарды:

- «Инкай» Бірлескен кәсіпорны» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

·             Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында өндірістік кешен және геотехнологиялық алаңның жаңа нысандары іске қосылды.

·             Инкай кен орнының №2 учаскесінде «Сателлит-1» зауыты пайдалануға тапсырылды.

- «Қаратау» Бірлескен кәсіпорны» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

·             Буденовское кен орнына қарасты №2 учаскеде жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндірудің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі ұлғайтылды.

- «Катко» Бірлескен кәсіпорны» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

·             Мойынқұм кен орнынының №2 Төртқұдық учаскесіндегі өндірістік қуат арттырылды.

- «Байкен-U» Бірлескен кәсіпорны» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

·             Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Байкенже ауылдық округында 245 адамға арналған тұрғын үй кешені бар вахталық кент ашылды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның стратегиялық мақсаттары әлемдік уран нарығында көшбасшылық шепті иелеуге, ядролық отын циклының (конверсия, уран байыту, ядролық отын өндірісі, атом стансаларын салу) шетелдік активтерін қатыстыра отырып, компания қызметін барынша әртараптандыру, сондай-ақ сан салалы жоғары технологиялық бағыттарға қатысу үшін Компанияның ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту және оны өндірісте кеңінен қолдануға қаратылған.

Еліміз аумағында өндірілетін әрбір килограмм ураннан нарық жағдаятына қарай Қазақстанның уран минеральды-шикізат базасын тиімді де үйлесімді пайдалану арқылы ядролық отын циклының барлық кезеңдерінде мейлінше мол табыс табуды Компания өзінің ең басты стратегиялық міндеті деп санайды.

 Осылайша «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы уранды конверсиялау саласында канадалық Cameco корпорациясымен бірге конверсиялық өндірісті құрудың бірлескен жобасын жүзеге асыруды қолға алды. 2010 жылы Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның аффинаждау өндірісін дамытуға, сондай-ақ Springfields (Ұлыбритания) зауытының конверсиялық қуаттарын ұлғайтуға қатысты өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

 Уранды байыту саласында 2010 жылы «Росатом» МК мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қазақстандық тараптың Урал электрохимия комбинатының (УЭХК, Новоуральск қ.) жарғылық капиталына қатысуын көздейтін балама вариант бойынша «Уран байыту орталығы» ЖАҚ жобасын одан әрі дамыту жөніндегі келісімге келді. «УЭХК» ААҚ-ның акциялар пакетін сатып алу мәмілесі 2011 жылға жоспарланған.

Ядролық отын өндірісі буынында 2010 жылғы 27 қазандағы Елбасы Н.Назарбаевтың Францияға ресми сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен AREVA корпорациясы арасындағы «ҮМЗ» АҚ-дағы жылу бөлетін құрамалар өндірісі саласында бірлескен қызметті жүзеге асырудың іс тәртібі туралы Келісімге қол қойылды. Соған сәйкес, Қазатомөнеркәсіп (51%) пен AREVA (49%) қатысуымен құрылған компания Өскемендегі зауыт үшін AREVA жобасы бойынша отын құрамалары өндірісінің жаңа желісін салатын болады. Өндірістік қуаты жылына 400 тоннаға тең жаңа зауыт 2014 жылы жұмыс бастайды.

«ҮМЗ» АҚ 2010 жылы AREVA компаниясының ерекшелігі бойынша уран диоксидынан жасалған отын таблеткаларын сертификаттау үдерісін аяқтады. Сөйтіп, Қазатомөнеркәсіп әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатын AREVA дизайнындағы реакторларға арналған отын өндіру құқына ие болды.

2010 жылы «ҮМЗ» АҚ мен жапонның Nuclear Fuel Industries Ltd. (NFI) компаниясы жапондық АЭС-терге арналып ҮМЗ-де шығарылған уран диоксиды ұнтақтарын сертификаттаудан өткізді. Бұл Үлбі металлургия зауытының ядролық отын құрамдас бөліктерін жапон рыногына жеткізіп беруіне кең жол ашты.

Сонымен қатар, өткен жылы «ҮМЗ» АҚ China National Nuclear Company (CNNC) құрамындағы China Jianzhong Nuclear Fuel (CJNF) компаниясында уран отын таблеткалары өндірісін сертификаттауды сәтті аяқтады. Осылайша Қытайға отын таблеткаларын жеткізіп беру бойынша ірі жобаның тұсауы кесілді. Бұл таблеткалар Қытайдағы атом электр стансаларының әлеуетті қожасы China Guangdong Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясы үшін реакторлық отын әзірлеуге жұмсалатын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өз қызметінің жаңа бағыттарын да белсенді түрде ұдайы дамытумен келеді.

Елімізде жаңадан сирек және сирек-жер металдар негізінде дайындық деңгейі барынша жоғары өнімдер шығаратын жоғары технологиялық өндірістер орындарын ашу саласында:

·             «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапонның Sumitomo Corporation компаниясы қатысуымен «SARECO» Бірлескен кәсіпорны» ЖШС құрылды;
·             «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапонның Toshiba Corporation компаниясы қатысуымен жаңа бірлескен кәсіпорын құру ісі де аяқталып қалды.

Қазақстанда жаңғырмалы энергетиканы дамыту саласында Қазатомөнеркәсіп компаниясы 2010 жылы мына жобаларды жүзеге асырды:

·             2010 жылғы маусымда Астана қаласында жел және күн энергиясы негізінде жұмыс істейтін автономды энергетикалық кешен іске қосылды;
·             Өскемендегі «Машзавод» ЖШС (Қазатомөнеркәсіп құрамында) негізінде Жел-энергетикалық қондырғыларының сериялы өндірісі қолға алынды;
·             Жылу сорғы қондырғыларын (ЖСҚ) шығаратын «Легмаш» ЖШС құрылып, «Машзавод» ЖШС-де ЖСҚ өндірісі іске қосылды.
·             2010 жылғы 27 қазанда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Францияға жасаған ресми сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Француз Республикасының Атом энергиясы және баламалы қуат көздері жөніндегі Комиссариаты (CEIS) арасындағы Күн энергетикасы (фотовольтаика) саласындағы бірлескен зерттеулер жүргізу туралы Меморандумға қол қойылды. 

Өткен жылы «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК» АҚ-на қарасты кәсіпорындарда айтарлықтай ірі көлемдегі қаржы игерілді. Алдын-ала есеп бойынша, тұтастай алғанда барлық кәсіпорындардағы инвестиция сомасы 103 млрд. теңге төңірегінде болса, еншілес кәсіпорында ол 36 млрд. теңге шамасында (2009 жылға қарағанда 28%-ға өскен).

2011-2015 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жалпы сомасы 341 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
 


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23500-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

 


жаңалықтарға оралу