«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2011 жылғы I жарты жылдықтағы уран өндіру көрсеткіштері мен таза табысы туралы

04.08.2011

2011 жылдың бірінші жартысында ұлттық холдингке қарасты кәсіпорындар өндірістік жоспарларын толық көлемде орындап шықты.
 
Қазақстан Республикасында үстіміздегі жылдың өткен алты айында 9 148 тонна уран өндірілді, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға көп. Жоспарға сәйкес, 2011 жылдың екінші жартысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты кәсіпорындар тағы да 10 130 тонна табиғи уран өндіретін болады.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Қазақстанда өндірілген жалпы урандағы үлесі 5 235 тонна.
 
«Қазатомөрнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2011 жылдың бірінші жартысындағы жалпы табысы алдын-ала болжам бойынша 144 млрд. 851 млн теңгені құрап, 2010 жылғымен салыстырғанда 37 пайызға артты. Мұндай өсімге уран өнімдерін сату көлемінің ұлғаюы арқасында қол жетіп отыр.
 
Бастапқы деректер бойынша, Ұлттық атом компаниясының үстіміздегі жылдың алғашқы алты айындағы таза табысы 30 млрд. 369 млн. теңгені құрады, яғни табыс 2010 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 63 пайызға өсті.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23500-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

жаңалықтарға оралу