«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның WNA 36-Симпозиумына қатысуы туралы

14.09.2011

 

Ұлттық атом компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшинның басшылығындағы Қазатомөнеркәсіп делегациясы бүгін Лондонда жұмыс бастаған Бүкіл дүние жүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association - WNA) жыл сайын өткізілетін 36-Симпозиумына қатысуда.
Дәстүрлі WNA симпозиумы әлемдік ядролық индустриядағы ең беделді форумдардың бірі болып саналады. Әлемнің 30 елінен келген саланың барлық бағыттарында қызмет атқаратын 700-ден астам мамандар 2011 жылғы 14-16 қыркүйек күндері аралығында ядролық энергетиканы дамытудың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін талқылайтын болады. Биыл «Ядролық энергетиканың болашағы» деген тақырыппен өтіп жатқан WNA симпозиумының пленарлық отырыстарында әлемдік аты бар жетекші атом компанияларының өкілдері дүние жүзілік қауымдастықтың алдында тұрған атом стансаларының қауіпсіздігі, реактор жасаудағы жаңа технологиялар, ядролық отын циклының реакторға дейінгі циклын дамыту сияқты ғаламдық міндеттерді сарапқа салады.
Қалыптасқан дәстүрге сай, WNA симпозиумы аясында Вестминстер Орталық Холлында (Central Hall Westminster-CHW) мамандандырылған көрме ұйымдастырылып, оған дүние жүзінің жетекші атом компаниялары қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ақпараттық стенді орнатылған.
Симпозиум барысында, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп өкілдерінің қазіргі және болашақтағы әлеуетті серіктестерімен келіссөздер өткізуі жоспарланған.
 
АНЫҚТАМА
Қазатомөнеркәсіп 1993 жылдан аталмыш қауымдастыққа мүше. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық сенімді қуат көзі ретінде ядролық энергияны бейбіт қолдануда ықпалдасуға үндейді, сондай-ақ ядролық энергияны өндіру және өнім өндіру, конверсия, байыту, отын әзірлеу, атом электр стансаларын салу, ядролық отынды тасымалдау мен қауіпсіз көмуді қамтитын ядролық отын циклының барлық аспектілеріне қатысты мәселелермен де шұғылданады. Қауымдастық техникалық, коммерциялық, саяси және экологиялық мәселелер бойынша өз мүшелерінің іс-әрекетін ұйымдастырады және жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. WNA беделді халықаралық ұйым МАГАТЭ-мен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастыққа мүше компаниялардың үлесіне дүние жүзінде өндірілетін атом электр энергиясының үштен екісі мен әлемдік уран өндірісінің, конверсияның және байытудың 90 пайызы тиесілі. Бүгінгі таңда қауымдастыққа жер шары тұрғындарының 80 пайызын құрап отырған 30 елдің компаниялары мүше.

жаңалықтарға оралу