«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ делегациясының 2010 жылдың 25-26 қазан күні Бельгияға сапарының қорытындысы бойынша ақпараттық хабарлама
28.10.2010Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылдың 25-26 қазан күнгі Бельгия Корольдігіне іс-сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығы бірқатар еуропалық компания басшыларымен және ғылым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесулер барысында уран және уранөндіруші кешеннің ілеспелі салалары бойынша бірлескен жобаларды іске асыру, ғылыми-техникалық әріптестікті дамытып, нығайту мәселелері талқыланды.
2010 жылдың 25 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бельгия Корольдігінің Премъер-министрі Ив Летермның қатысуымен өткен екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, ҚР Ұлттық ядролық қоғамы мен Бельгия ядролық зерттеу орталығы (SCK CEN) арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Тараптардың ядролық энергетика және технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудағы өзара мүдделерін ескере отырып, аталған Меморандумға сәйкес үш мекеме радиоактивті қалдықтарды басқару, жылдам нейтронды БН-350 реакторын іске қосу, пайдалану және істен шығару тәжірибесі, халықаралық әріптестіктегі жаңа құрал ретінде екі тарапты және көптарапты ғылыми-білім беру орталықтарын құру, мамандар дайындау, ғалымдармен алмасу және бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру салалары бойынша әріптестік орнатады.
Сонымен қатар, 2010 жылдың 26-қазан күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ербол Орынбаев және Еуропалық Комиссияның сыртқы байланыстар бойынша Бас директорының орынбасары Юго Мингареллидің төрағалығымен өткен «Қазақстан-Еуропалық әріптестік платформасы» атты кездесуге қатысып, Қазатомөнеркәсіптің еуропалық әріптестермен ынтымақтастығы туралы баяндама оқыды.
Сол күні Ұлттық атом компаниясының басшысы Владимир Школьник ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Еуропалық Комиссия президенті Жозе Мануэль Баррозудың қатысуымен өткен Еуропалық әріптестік платформасының «Инновация және жаңа технологиялар инвестициясы» тақырыбындағы презентациясына қатысып, Қазатомөнеркәсіптің еуропалық компаниялармен әріптестігі туралы баяндады. Нақты айтқанда Владимир Школьник Қазатомөнеркәсіп қазіргі кезде жетекші еуропалық компаниялармен тек уран өндіру саласында ғана емес, жалпы ядролық-отын циклы, ғылыми-техникалық әріптестік саласында да ынтымақтастықты нығайтуда деп хабарлады. Еуропалық компаниялар Қазатомөнеркәсіптің жетекші кәсіпорындарының бірі «ҮМЗ» АҚ шығаратын жоғарысапалы бериллий, тантал, необий өнімдерінің тұрақты тұтынушылары.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
