«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президентінің Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары туралы ақпараттық хабарлама
15.12.2009«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның департамент бастықтарының бір тобы компания президенті Владимир Школьник басшылығында Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болып қайтты.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС мамандары қатысуымен өткен жиында энергокомбинаттың аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуға тигізер ықпалды қызметіне қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2009 жылғы жоспарлардың орындалуы, сондай-ақ қаржы көрсеткіштері мәселелері, қолданыстағы жабдықтарды жаңарту бойынша МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің инвестициялық бағдарламалары талқыланды. Үстіміздегі жылы негізгі капиталдағы техникалық қайта жарақтандыру, күрделі жөндеу және жабдықтарды жаңартуға жұмсалар инвестиция көлемі 1 млрд. 287 млн. теңгені құрады.
Кеңесте Қазатомөнеркәсіп президенті өндірістің қауіпсіздігі, мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық үлесті арттыру тақырыбына айрықша назар аударды. Владимир Школьниктің айтуынша, МАЭК энергетиктері тауарлар мен қызметтер сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық үлесті барынша ұлғайтуы тиіс.
Кәсіпорын қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, ғылыми және кадрлық әлеуетті сақтап қалу және оларды оқыту мен біліктілігін арттыру мәселелері де жеке-жеке қаралды. Компания басшысы мәлімдегеніндей, Қазатомөнеркәсіп өзінің әлеуметтік бағдарламаларын одан әрі жалғастыратын болады. Соған байланысты МАЭК-тің алдына жергілікті әкімдікпен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы Жаңа-Өзен қаласы тұрғындарына көмектесуді міндет етіп қойды. Осы мақсатқа Қазатомөнеркәсіптің 2010 жылғы қаржы жоспарында 400 миллион теңге қарастырылған.
Еңбек ұжымының жалпы жиналысында Владимир Школьник 2009 жыл жоспарларының орындалып жатқанын әңгімеледі. Нақты айтқанда, Қазақстанда биыл уран өндіру көлемі 13,5 мың тоннаға жеткізілмек, бұл 2008 жылғымен салыстырғанда 58 пайызға көп. Осынау жоспарларды жүзеге асыру табиғи уран өндіру бойынша Қазақстанның әлемде бірінші орынды иеленуіне жол ашатын болады. Қазатомөнеркәсіптің 2009 жылы өнім өткізуден (жұмыс, қызмет) тапқан жинақталған табысы 2008 жылғы деңгейден 53 пайызға артты. Бұл ұлттық атом компаниясының қаржы-экономикалық жағдайының тұрақтылығын аңғартады. Қазатомөнеркәсіп басшысы 2020 жылдарға дейінгі кезеңдегі қысқа және ұзақ мерзімге белгіленген болашақтағы жұмыстар жөнінде де жиналғандарға әңгімелеп берді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық-отын циклының барлық буындарын қамтитын тігінен интеграцияланған компания құру жөніндегі бағдарламаны сәтті жүзеге асырып келеді. Табиғи уранды конверциялау және байыту, реакторларға арналған отын өндірісі, шағын және орта қуаттағы реакторларды жасау мен қолдану сияқты болашағы бар бағыттар даму үстінде. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында сирек және сирек-жер металдар өндірісін қолға алу ісі де жоспарлануда. Владимир Школьник 2010 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК баламалы қуат көздерін енгізу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға кірісетінін хабарлады. Үлбі металлургия зауыты базасында электр энергиясын өндіретін жел қондырғылары мен жылу сораптарын жасау жұмыстары басталатын болады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өңірді электр қуатымен, жылумен, ауыз сумен, ыстық және техникалық сумен, дистиллятпен қамтамасыз ететін көп салалы кәсіпорын болып табылады. Өндіріс технологиясы Каспий теңізінің суын тұщытуға негізделген. МАЭК о бастан жылу электр стансасын, дистиляттаушы тұщыту қондырғыны және жылдам нейтрондағы БН-350 реакторын (қазір қолданыстан шығарылған) қамтитын біртұтас кешен түрінде жоспарланып салынған болатын. 2003 жылы комбинат «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК құрамына енгізілді. Комбинат жұмысын жүргізетін 25 бөлімшеде жалпы саны 4 мыңнан астам адам еңбек етеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
