«Уран өндірісінің өзекті мәселелері» V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жұмысы туралы

18.09.2008

Бүгін, 2008 жылғы 18 қыркүйек күні «Уран өндірісінің өзекті мәселелері» V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын бастады.  Конференция ұйымдастырушылары «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-і.

V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Жер шарының барлық құрлықтарында атом энергетикасын дамытуға деген қарқынды қызығушылық туындап отырған «ядролық ренессанс» кезеңінде өткізіліп отыр. Қарқын алып келе жатқан табиғи уран тапшылығы, конверсия және байыту қызметі, отын құрамаларын шығару, сенімді және қауіпсіз атом стансаларының құрылысы - осы және басқа да мәселелерді бір ел өз күшімен шеше алмайды. Жаһандық энергия тапшылығының алдын алу үшін, ядролық отын айналымының барлық буындарын дамыту мәселелерін халықаралық ауқымда бірлесіп шешу керек. Бұл конференцияны өткізудегі қажеттілік әлемдік ядролық компаниялардың ғылыми-техникалық ізденістегі өз күштерін біріктіруге ұмтылысы, сондай-ақ Қазақстанның ірі уран өндірушілердің бірі ретінде, әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігінен туындаған.  Үш күн барысында уран өнеркәсібіндегі инновациялар, минералды-шикізат базасын дамыту стратегиясы, уран өндірісі мен оны қайта өңдеу ісінде озық технологияларды игеру бағдарламаларын қалыптастыру және жүзеге асыру, ядролық-отын айналымының мәселелері талқыға салынады. Қоршаған ортаны қорғау, уран өндірісінің қауіпсіздігі, білікті мамандар дайындығы сияқты ядролық кешеннің сәтті дамуын қамтамасыз ететін күн тәртібіндегі меселелер де назардан тыс қалмайды. 

Конференция жұмысына осы салаға қатысы бар кәсіпорындардың басшылары, ғалымдар, мамандар, жалпы саны 280-нен астам адам қатысуда. Олар әлемнің сегіз елі: Ресей, Жапония, Франция, Чех Республикасы, Германия, Австралия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан Алматыға арнайы келді.

Алдағы үш күнде талқыланатын тақырыптар: «Ядролық-отын айналымының технологиялары мен проблемалары», «Уран өндірісінің және уран өнімін алудың технологиялары», «Атом өнеркәсібіне арналған сирек элементтер өндірісінің технологиялары», «Геология, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері», «Атом энергетикасы және  реактор құрылысы», «Ядролық кешен қызметінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері».

Талқыланатын мәселелердің ауқымдылығы және конференцияға қатысушылардың жоғары деңгейі бұл басқосуға әлемдік атом индустриясындағы маңызды оқиға болуына септігін тигізеді. Аталған іс-шара Қазақстанның және басқа елдердің алдағы онжылдықта адамзатты күтіп тұрған энергетикалық тапшылықтың алдын-алу жолындағы оңтайлы шешімдер ізденісіне қосар үлесі болып табылады.

Конференция 2008 жылғы 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Ескертпе

Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания акцияларының 100% ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, яғни мемлекетке тиесілі. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының үштігіне кіреді.

Жоғары технологиялар институты (ЖТИ) – Қазақстанның уран саласының тиімді дамуына ғылыми қолдау көрсетеді. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді. Институт алдына қойылған мақсаттар – Қазатомөнеркәсіптің инновациялық тұрғыдан дамуы, өндіріс технологияларын және дайындығы жоғары дәрежелі жаңа өнім түрлерін әзірлеу, елдің уран өндірісі саласындағы кәсіпорындарының әлемдік нарықтардағы бәсекелестікке қабілеттілігін ғылыми тұрғыдан қолдау, ЖТИ ғылыми идеядан бастап, барлық технологиялық тізбекте уран өндірісінен дайын өнім алуға дейінгі бірқатар жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз етеді.   

 


жаңалықтарға оралу