«Волковгеология» акционерлік қоғамының 60 жылдығын мерекелеу туралы

23.09.2008

2008 жылғы 23 қыркүйек күні Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрамындағы көне кәсіпорын – «Волковгеология» АҚ-ның 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. Аталмыш кәсіпорын уран кен орындарын іздеп табу, барлау және игеру ісімен шұғылданатын бірегей саланы сақтап қалып қана қоймай, оны сәтті жалғастырып келе жатқан посткеңестік кеңістіктегі санаулы құрылымның бірі саналады. Бүгінгі таңда республикамызды уран өндірісінде әлемдік көшбасшылыққа шығаратын жоспарларды жүзеге асыруда бұл бірегей кәсіпорынға шешуші міндет жүктелген.

Мерекелік салтанатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Мұхтар Жәкішев, «Волковгелогия» АҚ Бас директоры Сергей Сушко, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, Қазатомөнеркәсіпке қарасты еншілес және біріккен кәсіпорындардың өкілдері, ғалымдар, алыс-жақын шетелдерден арнайы келген серіктестер қатысады. Бұл күні мерейтой құрметіне орай акционерлік қоғамның үздік қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі де өтеді деп күтілуде.  

Даңқты жол

1948 жылғы қаңтарда Волков экспедициясы КСРО Геология министрлігі жанынан қорғаныс кешенінің минералды-шикізаттық қажеттіліктерін өтеу үшін Қазақстан аумағында уран кеніштерін іздеп табу және барлау мақсатында құрылған болатын. 1979 жылы өндірістік бірлестік дәрежесіне ауыстырылып, кәсіпорын аты Волковгеология болып өзгертілді. Ал 1992 жылдан – «КАТЭП» Атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының қазақ мемлекеттік корпорациясы құрамындағы ашық акционерлік қоғам, 2003 жылдан – «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрамындағы акционерлік қоғам.

1948-1953 жылдары түрлі пайдалы қазбалардың белгілі кен орындарында тексеру жұмыстары, сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік гидротермальды кен орны саналатын Қордай кен орнын анықтау, шұғыл барлау және қолданысқа енгізу жұмыстары;

1953-1957 жылдары – аэроіздеу жолымен Солтүстік Қазақстанда гидротермальды кендерді табу, Оңтүстік Қазақстанда Ботабұрым кен орнын ашу және барлау;

1957-1968 жылдары Оңтүстік Қазақстанның Іле, Шу-Сарысу және Сырдария ойпатындағы кен орындарының топырақ қабатын анықтау мен бағалау жұмыстары жүргізілді. Бұл кезең, сондай-ақ үш экзогенді уран кені шет аймақтарын қалыптастырудың басталу кезеңі болды.

1968-1986 жылдары депрессиялық құрылымдарда іздеу және барлау бұрғылауларының көлемі жылдам ұлғайды. Уанас учаскесінде жерасты ұңғымалы шаймалау әдісінің сынақтан сәтті өтуі күрделі инженерлік-геологиялық жағдайда кен мөлшері аз кен орындарын игеруге мүмкіндік берді.

Кеңестік кезеңде Волковгеология геология саласындағы рекордттық еңбек өнімділігін көрсете білді. Бұл әсіресе бұрғылау ісіне қатысты: өз қызметінің жарты ғасырдан астам тарихында кәсіпорын 30 миллион метрге жуық ұзындықта ұңғы бұрғылады. Өз кезінде бірлестіктің бір бұрғылау бригадасы айына қырық мың метр ұзындыққа дейін бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, КСРО-дағы барлық геологиялық ұйымдар арасында бұрғылаудан шексіз рекорд орнатты.

1987-1997 жылдары – Чернобыль оқиғасынан кейінгі қарусыздандыру саясаты және атом энергетикасын дамыту бағдарламасын тоқтату салдарынан уран өндірісінің көлемі күрт кеміді. Бұрынғы кеңестік республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялаған соң атом саласындағы бұл дағдарыс тереңдей түсті, өйткені мемлекеттік тапсырыстың бір орталықтандырылған жүйесі бұзылды. Осы дағдарысты кезеңде геологиялық барлау жұмыстары дерліктей жүргізілген жоқ. Волковгеология мамандары өз саласына қатысты емес жұмыстармен шұғылдануға мәжбүр болды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «КАТЭП» таратылып, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылды. 1998 жылы Мұхтар Жәкішев басқаратын жаңа басшылық келісімен компания біртіндеп дағдарыстан шыға бастады. Бұл кезде компанияның кәсіпорындар, мұның ішінде Волковгеология да бар, қызметкерлері алдындағы еңбекақы қарызы 12 миллион долларды құрайтын. Адамдар жарты жылдап жалақы алмайтын еді. Республиканың төрт уран өндіруші шет аймағының үшеуінде уран өндірісі тоқтатылған болатын. Ал компанияның барлық мүлкі кепілдікке қойылды, бюджет және бюджеттен тыс қорлар алдындағы берешек 20 миллион долларды құрап, уран өндіру көлемі 1991 жылмен салыстырғанда үш есеге кеміді. Өндіруге дайын уран қоры өте аз болып, ол болашақта ағымдағы өндіріс көлемін қамтамасыз ете алмайтын. Бұл мәселелердің барлығын компания басшылығы технологияларды жетілдіру, сатып алудың тендерлік механизмін, желілік жоспарлау және басқару жүйесін енгізу, өндірістің көлемін ұлғайту арқылы шартты шығындарды кеміту, белсенді маркетингті саясатты қолдану жолымен ұтымды шеше білді. Атқарылған іс-шаралардың арқасында 1999 жылы компания өндірістің құлдырауын тоқтатып, 2000 жылы жұмыс тұрақтанды. Жаңадан кеніштер ашылды. Жаңа мыңжылдықпен қатар Қазақстанның атом саласын қайта тіктеу дәуірі басталды.

Волков экспедиясы шағын тексеру топтары мен отрядтарынан бастап қатты пайдалы қазбаларды болжау, іздеу, бағалау және барлау бойынша кез келген күрделі міндеттерді шеше алатын алдыңғы қатардағы жоғары білікті геологиялық барлау кәсіпорнына дейінгі даңқты жолды басып өтті. Геолог, геофизик, гидрогеолог, инженер, бұрғылаушы және басқа мамандық иелерінің бірнеше буыны арттарына осындай өшпес із қалдырды.

Білікті мамандар

Бүгінгі таңда Волковгеологияда үш мыңдай адам еңбек етеді. Ұжымның жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігі арқасында кәсіпорын қызметінің әр сатысында әлемдік және отандық геологияның соңғы жетістіктері, кен орындарына болжам жасаудың, іздеп табудың және барлаудың жаңа әдістері кеңінен қолданылады. Өтпелі кезеңнің қиын-қыстау жағдайында кәсіпорын басшылығы өзінің басты қазынасы – жоғары білікті еңбек ұжымын сақтап қала білді. Соңғы жылдары инновациялық технологияларды енгізумен қатар компанияда жас мамандардың қатары толықты. Терең техникалық білім мен шетел тілдерін меңгеруді қажет ететін өндірістік үдерістерді автоматтандыруда жас мамандарға айрықша басымдылық берілген. Сондықтан қазір геологтардың жаңа толқыны жұмыс істеп жатыр деген пікір де жиі айтылып жүр.

Кәсіпорын қызметі

Өзінің 60 жылдық тарихында Волковгеология Қазақстанның түрлі аймақтарында қырықтан астам кен орындарын ашып, 1,5 млн. тонналық уран қоры бар әлемдегі ең алып минеральды-шикізат базасының бірін жасады. Бұл базаның негізін жоғары рентабельді және экологиялық қауіпсіз жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен игеруге жарамды 19 алып және бірегей уран кен орындары құрайды. Волковгеология өз қызметін мына бағыттарда жүргізеді: ураны бар жер қыртысының болашағын зерттейді, уран кен орындарының жер қабаттарын іздеу және барлау, бұрғылау және технологиялық ұңғымаларды орнату, барлау ұңғымаларын бұрғылау, жылжымалы бұрғылау қондырғыларын жасап шығару және жөндеу, таукен құрал-жабдықтары мен автокөліктерді жасау және күрделі жөндеу, жер асты сулары мен тау жыныстарындағы радиоактивті және қосарлы элементтерді анықтау бойынша сараптау жұмыстарын жүргізу.

Сонымен қатар, «Волковгеология» АҚ Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан Қазақстан аумағындағы радиоэкологиялық жағдайды бағалау бойынша бас куратор және жұмыстарды атқарушы болып табылады. Соңғы жылдардағы радиоэкологиялық зерттеулер тұрғындардың 82 пайызы тұратын еліміздің үштен екі бөлігі аумағын қамтыды.

Болашаққа батыл қадам

Волковгеологияның маманданған саласына қарай Қазатомөнеркәсіптің әлемдегі алып уран өндіруші ел болуға мүмкіндік беретін «2010 жылға қарай – 15 мың тонна» бағдарламасын жүзеге асыруда стратегиялық маңызды рөл берілген. Соңғы үш жылда бұрғылау жұмыстары көлемі үш есеге ұлғайды. Үстіміздегі жылы Волковгеология жалпы 1 млн. 700 мың метр тереңдікті бұрғылайды деген болжам жасалған. Өндірістің қарқынын одан әрі арттыру үшін қажетті жаңа технологиялық шешімдер қарастырылған. Жапонияның Marubeni және Koken компанияларымен бірге технологиялық ұңғымаларды кешенді бұрғылау бойынша дүние жүзіндегі ең алғашқы қондырғы жасалды. Ол бір тәулік ішінде ұңғыманы орнатуға мүмкіндік береді. Жақын болашақта жаңа қондырғы тәжірибелік қолданысқа енгізілмек. Бір айта кетерлігі, металконструкцияның 80 пайызына дейін Волковгеологияда жасалатыны станоктың өзіндік құнын арзандатуға сеп болады. Өнімділікті арттыру нәтижесінде босаған ресурстарды компания әлемдік уран рыногына қазақстандық уранды тоқтаусыз шығарып отыруды қамтамасыз ету мақсатында жаңа кен орындарын іздеуге және барлауға жұмсайды.

Жаңа технологияны енгізу арқылы Волковгеология тағы бір рет өз өміршеңдігінің «сырын» ашып берді, ол – жаңа үдерістерді жатсынбайтын ашықтық дәстүрі. Кәсіпорын 60 жылдық мерейтойын ұдайы толығып отыратын білім және прогрессивті идеяларды басшылыққа алатын баға жетпес мол тәжірибені сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуші ретінде күтіп алып отыр.

«Волковгеология» АҚ – барлық типтегі уран кен орындарын зерттеу және барлауда бай тәжірибеге ие геологиялық барлау кәсіпорны. Ол «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамындағы көне кәсіпорындардың бірі. Ұлттық атом компаниясының уран кен орындарын іздеу және барлаудан бастап, өнеркәсіптік қолданысқа енгізуге дейінгі барлық қызметінде геологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Жылжымалы бұрғылау қондырғыларын, таукен бұрғылау құрал-жабдықтары мен автокөліктерді өзі дербес жасап шығарады және жөндеуден өткізеді. Акционерлік қоғамның республикада жалпы қоры 1,5 млн. тонналық (әлемдегі барланған уран қорының 19 пайызы) берік минеральды-шикізат базасын жасауға тікелей қатысы бар. Қазақстанда тұрақты радиоэкологиялық мониторинг жасап отырады. Компания қызметкерлерінің саны  үш мыңнан асып жығылады.

«Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания акцияларының 100% ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, яғни мемлекетке тиесілі. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.

 


жаңалықтарға оралу