«ҮМЗ» АҚ-ның жапон рыногына шығарылатын өнімдері сертификатталды
14.07.2010Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы мен жапонның Nuclear Fuel Industries Ltd. (NFI) компаниясы жапон рыногына арналған ядролық отын компоненттерін өндіру саласындағы келісімді жүзеге асыру шарттарын нақтылайтын құжатқа қол қойды. Өнімнің алғашқы партиясын жеткізу мерзімі үстіміздегі жылғы наурыз айында Токиода қол қойылған Жапония мен Қазақстан арасындағы атом энергиясын бейбіт қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау үдерісі аяқталуына байланысты анықталатын болады.
Сонымен қатар, NFI компаниясы ҮМЗ-де жапондық атом электр стансалары үшін арнайы әзірленген уран диоксиды ұнтақтарын сертификаттаудан өткізді. Сертификаттаудың аяқталуы ҮМЗ-ның жапон рыногына ядролық отын компоненттерін жеткізу жобасын нақты жүзеге асыруға кірісуіне кең жол ашады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
Nuclear Fuel Industries, Ltd. (NFI) 1972 жылы The Furukawa Electric Co., Ltd. және Sumitomo Electric Industries, Ltd компанияларының ядролық бизнесін интеграциялау негізінде құрылған. NFI – Жапониядағы қайнаған сулы реакторлар мен қысым астындағы сулы реакторларға арналған ядролық отын өндіруші жалғыз кәсіпорын. Компания, сонымен қатар жоғары температурадағы және жылдам нейтрондағы реакторлар үшін де ядролық отынның түрлі типтерін әзірлеп, оларды өндірумен де шұғылданады. 2009 жылғы мамыр айында NFI компаниясының негізгі акционері Westinghouse Electric Co. болды. NFI өндірген отынды тұтынушылар арасында жапондық TEPCO және Kansai Electric Power Co. сияқты ірі энергетикалық компаниялар да бар.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
