«Заречное» Қазақстан-Ресей-Қырғыз біріккен кәсіпорынының дайын өнімінің алғашқы партиясын алу туралы

07.12.2006

2006 жылдың 7 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының Заречное кен орнында «Заречное» Қазақстан-Ресей-Қырғыз біріккен кәсіпорынының (БК) дайын өнімінің алғашқы партиясын алу рәсімі өтеді.

Бұл шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Д.Ахметов, Ресей Федерациясының Атом энергиясы жөніндегі Федералды агенттігінің жетекшісі С.Кириенко,  «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-тың Президенті М.Жәкішев, «Техснабэкспорт» ААҚ-тың Бас директоры В.Смирнов, Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімі Ө.Шөкеев және тағы басқа ресми тұлғалар қатысады.

Осы шаралар аясында Ресей мен Қазақстанның атом саласындағы ынтымақтасу мәселелері бойынша үйлестіру жиыны болып өтеді. Жиынның соңында атом энергиясын бейбіт қолдану саласында бірқатар құжаттарға және Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтасудың кешенді бағдарламасына қол қойылады.

Аталған бағдарлама екі мемлекеттің басшылары – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтасу туралы 2006 жылдың 25 қаңтарында жасаған мәлімдемесіне негізделгенін еске саламыз. Стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде уранды өндіру, уранды байыту және ВБЭР-300 жаңа типті энергоблоктары бар ресей-қазақстан атом реакторын құру жөніндегі үш бірлескен кәсіпорын ашу көзделген болатын.

Заречное кен орнында дайын өнімнің алғашқы партиясын алу рәсімі – ресей дизайнындағы реакторларды отынмен қамтамасыз ету үшін уран өндіру жөніндегі біріккен кәсіпорынын құрудың нәтижесі болып табылады.

Бұл кен орынының жалпы көлемі қоры – 19 000 тонна уран. 2009 жылға қарай жылына 1000 тонна уран өндіру қуатына шығу көзделіп отыр. Біріккен кәсіпорындағы үлестер төмендегідей бөлінген: «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ - 49,33 % акция; «Техснабэкспорт» ААҚ-ы (Ресей Федерациясы) - 49,33 %; «Атомсирекметалтын» ААҚ-ы (Ресей Федерациясы) – 0,67 %; «Қарабалта тау-кен комбинаты» АҚ-ы (Қырғыз Республикасы) – 0,67 %.


жаңалықтарға оралу