Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жыл, 12 мамыр күнгі Жарлығымен 28 қыркүйек Атом саласы жұмысшыларының күні деп белгіленді.

15.05.2008

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  2008 жыл, 12 мамыр күнгі Жарлығымен 28 қыркүйек Атом саласы жұмысшыларының күні деп белгіленді. Жарлық 2001 жыл 13 желтоқсандағы ҚР «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4-бабына сәйкес  қабылданды.

Қазақстан Республикасының Атом өнеркәсібі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншісінде. Ол уран және оның қосындыларын, сирек кездесетін металлдарды, атом электрстансаларына арналған ядролық отынды, арнайы құрал-жабдықтарды, технологиялар мен материалдарды экспорттау бойынша ұлттық оператор болып табылады. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уранөндіруші компанияларының санатына кірген.   

Қазіргі күні Қазатомөнеркәсіп қызметкерлерінің ұзын саны 25 488 адам құрайды.

Компания қызметінің негізгі бағыты:

- геологиялық барлау, уран өндірісі;

- ядролық отын айналымының өнімдерін шығару;

- реактор құрылысы, атом электрстансалары;

- түрлі-түсті металлургия және құрылымдық материалдар шығару;

- энергетика;

- ғылым;

- әлеуметтік қамсыздандыру және мамандар дайындау.

Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы стратегиялық әріптестік аясында Қазатомөнеркәсіп Жапония, Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Франция, Корея және Бельгия іспетті елдердің ірі компанияларымен біріккен кәсіпорындар құрып, уран өнімі және отын жеткізу бойынша келісімдер жасасқан.    Стратегиялық әріптестік және біріккен кәсіпорындар ашу Қазатомөнеркәсіптің ядролық отын айналымының барлық буындарын қамтитын тікелей интеграцияланған атом компаниясын құру бойынша стратегиялық бағдарламасын іске асыруға бағытталған.

Жаңа кәсіби мерекенің белгіленуі атом өнеркәсібінің ел экономикасын табысты дамытуға зор үлес қосып, маңызды рөл атқаратындығын тағы бір мәрте айғақтайды. 


жаңалықтарға оралу