Үстіміздегі жылдың 31 тамыз - 1 қыркүйек күндері Камеко корпорациясының (Cameco Corporation) президенті Джеральд Грэнди (Gerald W. Grandey) мен “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы” Акционерлік қоғамы президенті Мұхтар Жәкішев “Ыңғай” қазақстан - кан

01.09.2005

Үстіміздегі жылдың 31 тамыз - 1 қыркүйек күндері Камеко корпорациясының (Cameco Corporation) президенті Джеральд Грэнди (Gerald W. Grandey) мен “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы” Акционерлік қоғамы президенті Мұхтар Жәкішев “Ыңғай” қазақстан - канада біріккен кәсіпорны игеріп жатқан  Ыңғай кен орнына біріккен сапар жасады.  Сапардың басты мақсаты кәсіпорынның тәжірибелік өндірісімен танысу, сондай-ақ өндірісті кеңейту, инвестиция көлемін ұлғайту, әлеуметтік қолдау бағдарламасын дамыту жолдарын зерттеу және жоспарларды талдау болып табылады.

“Ыңғай” БК” ЖШС-нің құрылтайшылары канадалық Cameco Corporation компаниясы (60%) мен “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы” Акционерлік қоғамы (40%).

Ыңғай кен орны Шу-Сарысу уран кені провинциясындағы гидроген типтес алып кен орны саналады және ол Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы аумағында орналасқан. Кен орнының ауқымы барланған деңгейі бойынша 4 учаскеге бөлінеді. “Ыңғай” БК” ЖШС 1-учаскеде уран өндіру лицензиясына, сондай-ақ №2 және №3 учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, соңынан өнім өндіру лицензиясына ие. 1-учаскедегі дәлелденген және Қор жөніндегі мемлекеттік комиссия

бекіткен экономикалық қорлар 42 849 тонна уранды құрайды (1-учаскедегі алынатын уран қоры 35 192 тоннаға тең). Ал №2 және №3 учаскелердегі уран қорлары мен ресурстарының бағаланған мөлшері 200 000 тоннадан кем емес.

Тәжірибелік өндірістің нәтижелері кенді күкірт қышқылымен сілтілендірудің тиімділігін көрсетіп, жобаның үнемділігін дәлелдеді. 1-учаскедегі коммерциялық өндіріс негізгі қайта өңдеу зауытын, оған қосымша тағы екі зауытты, алғашқы дайындық полигонын, вахталық лагерьді және басқа да көмекші нысандарды құруды қажет етеді деп ұйғарылған. Негізгі зауыт пен полигон құрылысы жұмыстары 2005 жылы қолға алынды. Қосымша екі зауыттың құрылысы 2006-2009 жылдарға жоспарланған: кәсіпорынның өндірістік қуаты соның нәтижесінде жылына 2000 тонна уранға немесе 5,2 млн. фунт U3O8 жетеді. Өндірістің түпкілікті өнімі құрғақ, түрлі қоспаларынан тазартылған уран болып, ол уран гексафторидын өндіру бойынша конверсиялық кәсіпорындардың әлемдік стандарттары талаптарына толық жауап бере алатын болады.

Биылғы тамыз айында “Ыңғай” БК негізгі зауыттың құрылысын бастауға рұқсат беретін құжаттарды алды. Камеко мен “Қазатомөнеркәсіп” президенттерінің біріккен сапары осы зауыттың құрылысын қаржыландыруды екі есеге көбейту және компанияның кең ауқымды әлеуметтік бағдарламасын бекіту қажеттігімен тікелей байланысты.

Біріккен кәсіпорын қызметінің маңызды тармақтарының бірі тұрақты даму бағдарламасын жасау және оны жүзеге асыру болып табылады. “Ыңғай” БК өндірістің барлық кезеңінде - өндірісті дамыту, өндіру, рекультивациялау, жабу және жабылғаннан кейінгі қызмет – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық міндеттерді ықпалдасуға белсене қатысуға ынталы.

Компания қоршаған ортаны қорғау, радиациялық қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне де жеткілікті мән беріп келеді. Атап айтқанда, төтенше жағдайларға дайындықты бақылау және оның тиімділігін арттыру үшін тренингтер мен оқу сабақтары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сол сияқты, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бойынша біртұтас жүйе жасалуда, онда Қазақстан заңдарының талаптары ескеріле отырып Батыстың озық тәжірибесі пайдаланылатын болады. Оған қоса, Біріккен кәсіпорында жұмыстың жаңа түрлерін жүргізу барысында немесе жұмыстың қолданыстағы тәжірибесіне өзгерістер енгізілгенде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Change control» жүйесі енгізілген.

Жоба жүзеге асырыла бастаған күннен қазіргі уақытқа дейін ҚР құзырлы мемлекеттік органдарын шұғыл түрде құлағдар ететіндей химиялық заттардың төгілуі бойынша ешқандай оқиға орын алған жоқ. Жер асты сулары мен жердің жоғарғы қабатын мониторингілеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да экологияны қорғауға қатысты барлық шарттарды қамтыған. Өндіріс барысында қолданылатын қауіпті заттар оларды тасымалдау және сақтау жөніндегі талаптарға толығымен сәйкес халде пайдаланылады.

Келісім-шарт міндеттері аясында, сондай-ақ “Ыңғай” БК өз бастамасымен Тайқоңыр кентіне және жалпы Созақ ауданына әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Айтарлықтай қаржылай көмек білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бағытталған. Тайқоңырдағы Төлеген Момбеков атындағы орта мектеп Білім күні қарсаңында спутниктік байланыс арқылы интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін де “Ыңғай” БК аталмыш мектепті қажеті мөлшерде компьютермен, техникалық құралдармен, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіп, Нива автомкөлігін сыйға тартқан-ды. Мектепті жөндеу жұмыстарын да кәсіпорын жыл сайын қаржыландырып келеді.

Негізгі зауыт құрылысын бастауға келісімнің алынуы жаңа әлеуметтік бағдарламаны жасау үрдісін жылдамдата түсті. Жақын болашақта “Қазатомөнеркәсіп-Демеу” ЖШС-мен бірге “Ыңғай-Демеу” қайырымдылық корпоративті қорын құру жоспарлануда. Қордың қызметі Тайқоңыр кенті мен аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталатын болады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қажетті $4 млн. қаржыны Камеко корпорациясы ұсынады. “Ыңғай-Демеу” қорының инвестициялық әлеуметтік жобаларында “Ыңғай” БК қызметкерлері үшін тұрғын үйлер, балалар бақшасы, балалардың ойын алаңшалары мен жаттығу залдары құрылысы, мектепті, клубты, дәрігерлік пунктті,сумен қамту жүйесін реконструкциялау мен қайта жабдықтау ісі, шағын бизнесті қолдау бағдарламасы және басқа да шаралар белгіленген.

Анықтама үшін:

Камеко корпорациясы (Cameco Corporation) - штаб пәтері Канаданың Саскачеван провинциясындағы Саскатун қаласында орналасқан – өнімнің өзіндік құнын төмендететін мейлінше заманауи технологияларды қолданатын, уран өндіру, оны қайта өңдеу және конверсиялау бойынша әлемдегі көшбасшы компания. Уран өндіретін және қайта өңдейтін екі мемлекеттік компанияның қосылуы нәтижесінде аталмыш компанияның негізі қаланды. 1992 жылы мемлекеттік корпорация ашық түрдегі акционерлік қоғам болып жекешелендірілген.

Содан бері Камеко өнім өндіру және сату көлемін екі есеге ұлғайтты: оның өндірістік кәсіпорындары әлемдік уран өнімінің үштен бірін өндіріп, батыстық электрстансаларының уран шикізатына болған сұранысының шамамен бестен бір бөлшегін қанағаттандырып отыр. Камеконың негізгі уран өндіруші жобалары – Канададағы МакАртур Ривер/Ки Лэйк (McArthur River/Key Lake) және Рэббит Лейк (Rabbit Lake) кеніштері, сондай-ақ АҚШ-тың Небраска штатындағы Кроу Бьютт (Crow Butte) және Вайоминг штатындағы Смит Ранч/Хайлэнд (Smith Ranch/Highland) кеніштері. Канададағы жалғыз қайта өңдеуші кәсіпорын да Камеконың еншісінде. Камеконың Блайнд Ривер (Blind River), Онтариодағы (жылдық қуаты 18 000 тонна уран) аффинаждау зауыты уран концентраттарын уран триоксидына дейін қайта өңдеп, одан әрі жылу бөлетін құрастырмалар жасау үшін уран диоксиды мен гексафторидына конверсиялауға жіберіледі.


жаңалықтарға оралу