2011 жылғы желтоқсанда «Семізбай-U» ЖШС құрылғанына 5 жыл толды

26.12.2011


Астана

2011 жылғы желтоқсанда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің құрылғанына 5 жыл толуын атап өтті.

 

«Семізбай-U» ЖШС 2006 жылы желтоқсан айында Қазақстанда уран өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған «2010 жылға қарай - 15000 тонна уран» бағдарламасы аясында құрылған болатын.

 

Жаңа кәсіпорынды құрудағы негізгі мақсат Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы «Семізбай» уран кен орнын және Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Иіркөл» уран кен орнын игеру жобасын жүзеге асыру болып табылады.

 

«Семізбай-U» ЖШС-нің құрылтайшылары: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ пен оның еншілес кәсіпорны «Тау-кен компаниясы» ЖШС (тиісінше 11%  және 40%) және Beijing Sino-Kaz Uranium Resources Investment Company Limited (ҚХР) - 49%. 

 

Аталған кен орындарындағы уран өндірісі жер қойнауы мен қоршаған ортаға барынша залалсыз саналатын жер асты шаймалау әдісімен жүргізілуде.

 

2011 жылы кәсіпорын «Семізбай» кенішінде 400 тонна, ал «Иіркөл» кенішінде 657 тонна табиғи уран алуды жоспарлаған болса, үстіміздегі жылдың өткен он айында «Семізбайда» 372 тонна, «Иіркөлде» 535 тонна уран өндірілді.

 

2012 жылдан бастап кәсіпорын жылына «Семізбай» кенішінде 500 тонна, «Иіркөл» кенішінде 700 тонна уран өндіретін жобалық қуатқа шығатын болады.

 

Келісім-шарттағы міндеттемелеріне сәйкес, «Семізбай-U» ЖШС жергілікті басқару орындарымен келісе отырып өзі уран өндіретін өңірлердің әлеуметтік мұқтаждықтарына, атап айтқанда, қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсетуге, білім беру, спорт-сауықтыру шараларына арнап жыл сайын 120,0 мон теңге көлемінде қаржы ажыратып келеді.

 

Сонымен қатар, «Семізбай-U» ЖШС Қызылорда облысының Шиелі, Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандарындағы әлеуметтік жобаларға белсене қатысып, аз қамтылған отбасыларға көмек, студент-жастарға қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, мектептер мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету ісін де өз қамқорлығына алған.

 

2011 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқындайтын дәстүрлі «Парыз» республикалық байқауында «Семізбай-U» ЖШС «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында лауреат атанды.

 

Бүгінгі таңда кәсіпорында 335 адам еңбек етеді.


жаңалықтарға оралу