28 қыркүйекте Қазақстанның атом саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді
28.09.2011Астана
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес «Атом саласы қызметкерлері күнін белгілеу туралы» Жарлыққа 2008 жылғы 12 мамырда қол қойған болатын.Соған орай бүгін еліміздің атом саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде.
Қазақстан – бүгінде табиғи уран өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы. Республикада жұмыс істеп тұрған 21 кеніш және өндіріс кешені табиғи уранға болған әлемдік сұраныстың 30 пайызын қанағаттандырып отыр. Алдын ала болжам бойынша 2011 жылы еліміздегі уран өндірісінің көрсеткіші 19900 тоннаға жетеді. Ал үстіміздегі жылдың өткен 8 айында 12 284 тонна табиғи уран өндірілді.
23 мыңнан астам қызметкер еңбек ететін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы – уран, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы жабдықтар, технологиялар және қосарлы мақсатта қолданылатын материалдардың импорт-экспорты жөнінен Қазақстанның ұлттық операторы.
Қазатомөнеркәсіптің еңбекте айрықша көзге түскен қызметкерлері мереке құрметіне Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Компанияның Басқарма төрағасы Владимир Школьник өзінің мерекелік құттықтауында: «Қазіргі атом индустриясы Қазақстан Республикасының экономикалық дамуындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болып отыр. Қарыштап дамып келе жатқан саладағы нәтижелі ізденістер әлемнің жоғары технологиялық рыногында еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. 2009 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындардың күшін біріктіре және басқарудың заманауи жүйесін құра отырып Қазақстан әлемдік табиғи уран рыногында көшбасшыға айналды. Әлемдік көшбасшылық отандық атомшылар алдына жаңа міндеттер қойды: ол – бәсекелестік артықшылықтарымызды барынша тиімді пайдалану, еліміздің шебін сақтап қалу және нығайту. Қазақстан Респукбликасының үдемелі индустриальды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру және ірі халықаралық жобаларға қатысуға да айқын басымдық беріледі», - деп атап көрсетті.
Қазақстандық атомшылар кәсіби мерекелерін айтарлықтай тьабыстармен, соның ішінде инновациялық және әлеуметтік жобалармен күтіп алды.
2011 жылдың соңына дейін Уралск электрохимия комбинатының (УЭХК, РФ) акциялар пакетін сатып алу мәмілесін аяқтау жоспарланған. Бұл Қазатомөнеркәсіптің Ресей Федерациясы аумағында уран байытатын ірі коммерциялық кәсіпорынның толыққанды қатысушысы болуына мүмкіндік береді.
Ядролық отын сегментінде Қазатомөнеркәсіп пен AREVA арасындағы «ҮМЗ» АҚ-да жылу бөлгіш құрамалар өндірісі саласында бірлескен қызметті жүзеге асырудың тәртібі туралы Келісімге қол қойылды.
Үлбі металлургия зауыты AREVA компаниясының ерекшелігі бойынша уран диоксидынан жасалған отын таблеткаларын сертификаттау үдерісін сәтті аяқтады. Қазатомөнеркәсіп осылайша әлемнің көптеген елдерінде пайдаланылып жатқан AREVA дизайнындағы реакторлар үшін отын өндіру құқына ие болды.
Сонымен қатар, «ҮМЗ» АҚ Қытайдың ChinaJianzhongNuclearFuel (CJNF) компаниясында отын таблеткалары өндірісін сәтті сертификаттаудан өткізіп, 2011 жылдың соңына дейін көрші елге уран отын таблеткаларының сынамалық партиясын жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстанның ғылыми білімі мен өнеркәсіптік дамуын ұлғайту бойынша компания ұстанған саясат шеңберінде Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің жаңа бағыттарын ашты. Солардың бірі – жаңғырмалы энергетика саласы. Әлемде ұқсасы жоқ, қазақстандық ноу-хоу саналатын «Болотов виндроторы» деген атпен танымал жел және күн энергиясы негізінде эұмыс істейтін энергетикалық кешен өндірісі жолға қойылды. 2012 жылы Астанада күн батерияларын шығаратын ең заманауи зауыт іске қосылады. Қазақстанда сирек және сирек-жер металдар өндіру және қайта өңдеу бойынша Жапониямен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Өткен бір жыл бойында тек технология трансферты ғана емес, сонымен бірге әлемдегі үздік тәжірибе мен машықтарды, білім мен дағдыларды да меңгеру саласында дүние жүзінің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарымен келісімдерге қол жеткізілді.
Қазатомөнеркәсіп әлеуметтік бағыты бар компания ретінде уран өндірілетін аймақтарды абаттандыруға белсене қатысып келеді. 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары жаңартылған дәрігерлік-санитарлық бөлімше аурухана кешенін және 200 оқушыға арналған жаңа мектепті пайдалануға тапсырды. Жыл соңына дейін мұнда жаңа балабақша бой көтереді.
Шығыс Қазақстан облысында балалардың сауықтыру лагері қайта жаңғыртылып, бір ауысымда 400 балдырғанның демалысын өткізуге қолайлылық жасалды. Қызылорда облысында балаларға арналған дәрігерлік орталық пен жазғы стадион ашылды.
Үстіміздегі жыл соңына таман компания Астана қаласында оқушыларға арналған бірегей шығармашылық сарайының құрылысын аяқтайды.
Мерекеге орай Қазатомөнеркәсіп ұжымы атына келіп түсіп жатқан жеделхаттарда компанияның барлық деңгейдегі қызметкерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі мен өз ісіне шын берілгендігі айрықша атап көрсетілген. Расында да, еңбек ұжымының сондай қасиеттерінің арқасында Қазатомөнеркәсіп сенімді де мықты серіктес болып қалыптасып, болашаққа батыл қадам тастап келеді.
Тарихи анықтама
28 қыркүйек – 69 жылдық тарихы КСРО атом өнеркәсібінің шежіресі дәл осы күннен бастау алады. 1942 жылы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» өкім шығарып, КСРО Ғылым академиясы жанынан арнайы «атом ядросы зертханасын» құруды мақұлдады.
Қазақстан атом өнеркәсібінің қысқаша тарихы
1948 жыл – «Волков экспедициясы» (қазіргі «Волковгеология» АҚ – Қазатомөнеркәсіп құрамындағы ең көне кәсіпорын) құрылды;
1949 жыл – 2а зауыты (қазіргі Үлбі металлургия зауыты) өзінің алғашқы өнімін (торий оксалатын) өндірді;
1951 жыл – Қазақстандағы тұңғыш уран кен орны – Қордай кеніші ашылды;
1957 жыл – ҚазКСР ҒА Физика-техникалық институты базасында ҚазКСР ҒА Ядролық физика институты (ЯФИ) құрылды;
1967 жыл – Алатау кентіндегі (Алматыдан 20 шақырым) Ядролық физика институтында ВВР-К зерттеу атом реакторы пайдалануға берілді;
1972 жыл – Ақтау қаласында іске қосылған әлемдегі ең алғашқы жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор қаланы электр энергиясы және тұщытылған ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, 25 жылдан астам уақыт апатсыз жұмыс істеді;
1991 жыл – ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды;
1992 жыл – Қазақ мемлекеттік атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының корпорациясы (кейін КАТЭП болып өзгертілді) құрылды;
1993 жыл – Қазақстан Республикасы Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылды;
1997 жыл – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
