Cameco Corporation-мен бірге конверсиялық өндіріс жасау туралы
10.06.2008«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен Cameco Corporation біргелікте жаңа біріккен кәсіпорын - «Үлбі Конверсия» ЖШС құрды. Конверсиялық өндіріс орны Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургия зауыты базасында жұмыс бастайтын болады. Болашақ кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 12 мың тонна уран гексафторидын (UF6) құрайды, бұл конверсия бойынша әлемдік қуаттың шамамен 17 пайызына тең.
Жаңа біріккен кәсіпорындағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның үлесі 51 пайыз болып, қалған 49 пайыз Cameco Corporation еншісінде. Конверсиялық зауыт құрылысының техника-экономикалық негіздемесі серіктестердің жобаға қатысу үлесіне сай қаржыландырылып, құрылысты 2009 жылы аяқтау жоспарланған. Порт-Хоуптағы (Канада) жылдық өндірістік қуаты 12400 тонна UF6 тең конверсиялық зауытты пайдаланып отырған Cameco енді «Үлбі Конверсия» ЖШС үшін тиісті технологияны жеткізіп беретін болды.
Жаңа кәсіпорынның құрылуы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның толық ядролық отын циклындағы тігінен интеграцияланған трансұлттық компанияны қалыптастыру бойынша жоспарын жүзеге асырудың бір кезеңі болып саналады.
Ескертпе
- «Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания акцияларының 100% ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, яғни мемлекетке тиесілі. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының үштігіне кіреді.
- Cameco Corporation. Канаданың Саскачеван провинциясындағы Саскатуне қаласында қоныс тепкен компания уран өндіру, оны қайта өңдеу және конверсиялау бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы болып табылады. Канададағы жалғыз қайта өңдеу кәсіпорнына ие Cameco канадалық реакторлар үшін ядролық отын компоненттерін негізгі өндіруші. Компанияның дайын уран өнімдері дүние жүзі бойынша бүгінгі таңдағы экологиялық ең таза қуат көзі болып отырған атом электр стансаларында кеңінен қолданылады. Cameco акциялары Торонто және Нью-Йорк қор биржаларында сатылады.
