NEXI «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және жапондық әріптестердің бірлескен жобалары бойынша сақтандыру төлемін арттырады

27.11.2008

Экспорттық және шетелдік инвестициялық операцияларды сақтандыру ісімен шұғылданатын Жапонияның NEXI (Nippon Export and Investment Insurance) Мемлекеттік агенттігі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жапондық компаниялармен уран өндірісі жобалары бойынша бірлескен жобаларының  сақтандыру төлемін ағымдағы  47,94 млн. доллардан 114,375 млн. АҚШ долларына дейін арттыратын болды. Сауда-инвестициялық сақтандыру желісі аясында сақтандыру төлемін екі еседен асыра арттыру Жапон тарапының «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қызметі мен оның жүзеге асырып жатқан жобаларына деген сенімін дәлелдейді және Қазақстан атом саласының әлемдік атом энергетикасын дамытудағы ерекше маңызын растайды. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы бекітілген меморандумға сәйкес, Қазатомөнеркәсіп өз несиелерін NEXI-дің жеке желісі бойынша сақтандыру мүмкіндігіне ие тұңғыш компания болып танылған. Бұған дейін сақтандыру тек нақты келісімдерге ғана берілетін.      

Nippon Export and Investment Insurance (NEXI) – 1950 жылы негізі қаланған мемлекеттік мамандандырылған сақтандыру компаниясы шетелдік сауда-саттық келісімдер мен инвестициялық жобаларды мемлекет тарапынан сақтандыру жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.

Ол әрбір жеке мемлекет бойынша оның саяси және экономикалық жағдайын ескере отырып жеке сақтандыру үрдісін әзірлеуге жауап береді. Агенттік сақтандыру және қайта сақтандыру келісімдерін жасап, сақтандыру сыйақыларын жинап, сақтандыру жағдайларын қарастырып, өтемақыларды төлеумен айналысады. NEXI-дің сақтандырушысы Жапония үкіметі болып табылады.

www.nexi.go.jp

«Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының үштігіне кіреді.


жаңалықтарға оралу