АҚШ және Еуропалық одақ нарықтарына жеткізілетін қазақстандық уран бағалары туралы
31.10.2007U.S. Department of Energy (АҚШ-тың энергетика Департаменті, энергетикалық ақпарат бойынша Әкімшілік, сілтеме http://www.doe.gov/) және Euratom Supply Agency (Еуроатом жеткізу бойынша Агенттік, сілтеме http://ec.europa.eu/euratom/index_en.html) АҚШ және Еуропа нарықтарындағы 2006 жылғы уран сатылымы туралы жыл сайынғы есепті жариялады.
АҚШ-тың энергетика Департаментінің аталған есебіне сәйкес Құрама штаттарына жеткізілетін қазақстандық уранның орташа құны өте жоғары және бір фунт үшін 25,74$ құрайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, ірі уран өндірушілер болып табылатын басқа елдерден әкелінетін уран бағасы мынандай:
- Австралия – бір фунт 21,23$;
- Намибия – бір фунт 18,46$;
- Канада - бір фунт 17,61$;
- Өзбекстан - бір фунт 15,89$.
Еуроатом жеткізу бойынша Агенттігінің ақпараты бойынша, 2006 жылы Еуропа одағына уран импортының орташа құны бір фунт үшін 18,55$ тең болған. Сол арада, Қазатомөнеркәсіп өткен жылы Еуропа одағына уранды бір фунт U3O8 үшін орташа есеппен 28,80$ бағамен жеткізіп отырды.
Уран биржалық тауар болмағандықтан, уран нарығындағы баға белгілеу үрдісі мұнай немесе түрлі-түсті металлға қатысты баға белгілеу құрылымынан айрықша келеді. Әлемде уранның негізгі бөлігі өтетін бірегей биржалық алаң жоқ, Оның басым бөлігі (90 пайыздан астам) жеткізуші мен уран тұтынушылары арасындағы жабық келісім-шарттар арқылы, ұзақ мерзімді келісімдер аясында іске асырылады. АЭС тұтынатын уранның 5-8 пайызы спот нарығы деп аталатын нарықта саудаға түседі (бір жолғы сатылым нарығы). Спот нарығындағы уран сатылымының бағасы ашық және көпшілік қолды ақпарат көзі болып табылады, алайда, сатылым ауқымы азын-аулақ болғандықтан, ол әлемдегі уран бағасының шынайы құнын дөп басып көрсете алмайды.
АҚШ-тың энергетика Департаментінің және Еуроатом жеткізу бойынша Агенттігінің жыл сайынғы есебінде АҚШ пен Еуроодаққа импортталатын уранның кедендік декларацияға сәйкес келтірілген орташа бағалары көрсетілген. Әлемдегі уран бағасы жайлы бұл есеп барынша сенімді және толық ақпарат көзі болып табылады.
АҚШ пен Еуропа дүние жүзі бойынша негізгі уран тұтынушылары болып табылады, ол - әлемдік уран тұтынысының 60 пайызы.
