Ақпараттық хабарлама «Бейбітшілік мекені» атты балалардың сурет байқауы туралы

01.06.2011
Алматы қ.
 
2011 жылғы 1 маусым күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты барлық кәсіпорындарда компания қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері болып өтті.
 
Балдырғандардың «Бейбітшілік мекені» атты дәстүрлі сурет байқауы Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылып әр екі жылда бір өткізіліп тұрады. Биылғы байқауға 300-ден астам бүлдіршін өз жұмыстарын ұсынды.
 
Таңдаған тақырыптары сияқты, олардың жас ерекшеліктері де әрқалай. Алты жасқа дейінгі балалар еркін тақырыпта сурет салса, ересектеу балалардың еңбектерін шартты түрде «Мен Азиаданы саламын», «Біз - еліміздің лайықты ертеңіміз!», «Тәуелсіздігімізге – 20 жыл!» тақырыптарына топтастыруға болады. Қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін жер-жердегі әділ қазылар алқасы сарапқа салып, лайықты бағасын берді.
 
«Бейбітшілік мекені» сурет байқауы биыл өзінің алғашқы мерейтойын мерекеледі десе де болғандай. Осымен бесінші рет балғын суретшілердің басын қосқан байқаудың тарихы 2003 жылдан бастау алады. Бұл кезең ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының кәсіпорындарында еңбек ететін қызметкерлердің балалары мен немерелері кең байтақ еліміздің әр қиырынан өз суреттерін жолдап, шығармашылдық сынға түсті, байқаумен бірге өздері де өсіп, қылқаламдарын ұштай білді.
 
Мұндай іс-шараның өскелең ұрпаққа да, олардың ата-аналарына да берері мол. Өйткені, бұл балалардың шығармашылдық ізденісімен қатар, айналаға балдырғандар көзімен қарауға да мүмкіндік беркді.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 24000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   
 

жаңалықтарға оралу