Ақпараттық хабарлама «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Инновациялық Қазақстан-2020» форумына қатысуы туралы

13.05.2011

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның делегациясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан «Инновациялық Қазақстан-2020» форумына қатысуда. Форум бүгін «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінде өз жұмысын бастады.
Қазатомөнеркәсіптің Басқарма Төрағасы Владимир Школьник мемлекет басшысын ұлттық атом компаниясының инновациялық жобаларымен таныстырады. Олардың қатарында күн энергетикасын, сирек-жер металдар және химия өндірістерін дамытудың жаңа бағыттары бар.
 
Қазақстандық кремний негізіндегі фотоэлектрлі модульдер өндірісі
Күн панельдерінің өндірісіне арналған жоба 50 МВт-тан бастап одан әрі 100 МВт-қа дейін ұлғайтылатын энергия өндіруді көздейді. Қазатомөнеркәсіп Астанадағы бұл жаңа зауыт құрылысын екі жылда аяқтауды жоспарлаған.
 
Сирек және сирек-жер элементтер негізіндегі өндірістер
Сирек және сирек-жер металдар алу мақсатындағы Ақтау мен Степногорскідегі қалдықтар мен үйінділерді, Өскемендегі монациттік концентратты қайта өңдеу жобасы. Алдағы екі жыл ішінде жылына 1500 тонна сирек-жер металдарының топтық концентратын өндіретін өндіріс орны іске қосылады. Ал болашақта, 2020 жылға қарай сирек-жер металдарының түрлі концентраттарын өндіру 20 000 тоннаға жеткізілетін болады.
Сирек және сирек-жер металдар өнімдері энергия үнемдеу, жаңғырмалы энергетика, жоғары технологиялар сияқты тағы басқа салаларда қолданылады.
 
Химиялық өндіріс саласын дамыту
Мұнай, уран және басқа да металдар өндіруде, тыңайтқыштар өндірісінде, ауыз су және өнеркәсіптік орларды тазалауда қолданылатын реагенттер өндірісінің жобасы.
Бүгінде реагенттердің барлығы дерлік сырттан тасымалданады. Қазақстанда осындай химиялық кластерді өрістетуге ресурстық база жеткілікті.
 
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады.
Бүгінгі таңда компанияда 23000-ден астам адам еңбек етеді.
Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу