Ақпараттық хабарлама «ҮМЗ» АҚ бериллий өндірісінің 60-жылдығы туралы
20.05.2011Өскемен қ.
20 мамыр Үлбі металлургия зауытының («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорыны) Бериллий өндірісі өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Қазіргі күні «ҮМЗ» АҚ бериллий өнімін кен концентратын өңдеуден бастап, сапасы белгіленген талапқа сай дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын әлемдегі үш алып кәсіпорындардың бірі болып саналады.
Үлбі бериллийінің әлемдік нарықтағы үлесі жалпы сұраныстың үштен бір бөлігін құрайды. ҮМЗ АҚШ және Еуропа елдеріндегі тұрақты серіктестермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. «БериллиУМ» ресей-қазақстандық бірлескен кәсіпорыны іске қосылған. Компания үлбі бериллийін Жапония және Қытай нарығына шығару жолында жұмыс жасап келеді. 2004 жылы ҮМЗ Қытайдың еркін экономикалық кеңістігінде Ulba-China еншілес кәсіпорынын құрған болатын, ал 2008 жылдың соңында қытайлық әріптестермен бірлесіп ашылған Yingtan Ulba Shine Metal Materials кәсіпорынының бериллий қорытпаларынан прокат шығаратын алғашқы өндірістік қуаттылықтары пайдаланымға берілді.
Бериллий және оның қорытпаларынан жасалатын өнім электроника және байланыс құралдары, автомобиль құрылысы, мұнай және газ өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады.
Айтулы оқиғаға орай металлургтерге құттықтау сөзін жолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник «Үлбі бериллийі әлемдік нарықта ойып тұрып орнын алды және өз шебін одан бетер бекітуде. Ұлттық атом компаниясы үшін құрамында осындай ғылыми дамыған өндірістің бары және онда кез келген мақсат-міндетті абыроймен атқаратын өз ісінің жетік мамандары жұмыс істейтіні зор мақтаныш», - деп атап өтті.
Берилийі өндірісі адрагерлерінің дені мерейтой қарсаңында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Өз еңбек жолының ширек ғасырға жуығын бериллий өндірісіне арнаған «ҮМЗ» АҚ Басқарма торағасы қызметін атқарушы Юрий Шахворостов өндірістің бірқатар мамандарына ҮМЗ және Қазатомөнеркәісіптің Құрмет грамоталарын табыс етті. 15 металлург «Зауыт ардагері» атағына ие болды.
Анықтама.
60-жылдардың ортасында ҮМЗ металлдық бериллий және одан жасалатын өнімнің өнеркәсіптік шығарылымын бастады. Бұл өнімдер қорғаныс мақсатында және ядролық энергетикада, ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруда пайдаланылды. Мәселен, аталған металлдың қоспасымен атақты «Луноход», аты аңызға айналған «Боран» ғарыштық кемесінің кейбір бөлшектері әзірленген. Өскемендік бериллий атом стансаларындағы нейтрон шағылыстырғыш ретінде, авиция және машина құрылысы өнеркәсібінде пайдаланылады.
Металл бериллийін өндіру технологиясын, радиоэлектроникаға қажетті жаңа керамикалық материалдар жасап шығарғаны үшін үлбіліктер КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды, бериллий негізінде авиағарыштық техникаға арнап құйма қорытпалары әзірлегені үшін Кеңес Министрлерінің сыйлығын алды.
Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметінің қолауымен бериллий өндірісі өткен ғасырдың 90-жылдардағы дағдарыстан кейін қайтадан қалпына келтіріліп, қарқынды дамуда.
2000 жылдың шілде айында ҮМЗ бериллий кесектерін шығаруды қайта қолға алды. Сонымен қатар, тұтынушылардың заманауи сұранысына сай жаңа өнім шығарылымы жүргізілді. Аз уақыт ішінде бериллий қоласын шығаратын қуаттылықтар құрылды. 2002 жылдың мамыр айында карботермикалық әдіспен мыс-бериллий лигатурасын шығаратын цех жұмысы іске қосылды. Қазір бериллий өндірісінде қолданылатын технологиялар бірегей қасиеті бар өнімнің бірнеше түрін шығаруға мүмкіндік береді. Соның ішінде, әлемнің дамыған елдері бірлесіп құрылысын жүргізіп жатқан халықаралық зерттеу термоядролық реакторына бериллий негізінде қосалқы бөлшектер жасап шығару желісін іске қосуға болады. Үлбі металлургия зауытының, жалпы Қазақстанның бериллий саласында жетекші орын алуының айқын көрсеткіші деп, 2009 жылы елімізде Қазатомөнеркәсіп пен ҮМЗ қолдауымен өткізілген Халықаралық бериллий конференциясын айтуға болады.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«ҮМЗ» АҚ Баспасөз қызметі
+8(3272)29-84-12
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23 000 астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
