Ақпараттық хабарлама «ҮМЗ» АҚ тантал өндірісінің 60 жылдығы туралы
27.04.2011«Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамының Тантал өндірісі өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның құрамындағы «Үлбі металлургия зауыты» АҚ әлемдегі тантал, ниобий және олардың қорытпаларын шығаратын кәсіпорындардың бірі және бірегейі ретінде танымал. Аталмыш металдар авиация, зымыран және ғарыш техникасы, электроника, медицина, аспапжасау, ғылым және халық шаруашылығының басқа да толып жатқан саларында кеңінен қолданылады.
Сәуір айының соңына таман атап өтілетін Тантал өндірісінің мерейтойына орайластырылып, «ТМД-ның тантал саласын дамыту» тақырыбымен халықаралық ғылыми-техникалық семинар ұйымдастырылды. Өскеменде (Шығыс Қазақстан облысы) өткен семинарда осынау бірегей металға қатысы бар бұрынғы кеңестік кеңістікте шоғырланған ғылымии-зерттеу орталықтарының, өндірістік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері бас қосты.
60 жылдық тарихы бар ҮМЗ Тантал өндірісінің болашаққа межелеген жоспарлары да ауқымды. Кәсіпорын өнімдерін еуропаның жетекші өндіріс орындарында квалификациялаудан өткізу сәтті аяқталып келеді. Металлургтер жаңа технологияларды игеріп, өндірісті техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырып, сол арқылы өз әлеуеттерінің ең жоғары әлемдік стандарттарға сәйкестігін дәлелдеуде.
Бүгінде ULBA маркасындағы өнімдер АҚШ, Германия, Англия, Франция, Жапония, Қытай, Ресей және Украинаға тұрақты түрде жеткізіліп тұр. Тұтынушылар аясы алдағы уақытта мұнан да кеңейе түсетініне сенім мол.
Айтулы датаға орай Тантал өндірісінің ардагерлері мен озат қызметкерлерге «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Басқарма Төрағасы Владмир Школьниктің және «ҮМЗ» АҚ Басқарма Төрағасы міндетін атқарушы Юрий Шахворостовтың Алғыс хатттары табыс етілді. Көп жылдық және қажырлы еңбегі үшін бірқатар қызметкерлерге «Зауыт ардагері» атағы беріліп, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Металлургтерге жолдаған мерейтойлық құттықтауында В.Школьник:
– Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ҮМЗ Тантал өндірісінің көптеген өкілдері кәсіпорын мен Қазатомөнеркәсіп тарихына өз аттарын алтын әріптермен жазып шықты. Қол жеткен жоғары өндірістік көрсеткіштер, зерттемелер, жаңа технологиялар мен жабдықтарды өндіріске енгізу, күрделі де маңызды тапсырыстарды орындау болсын – бәрі-бәрінде олардың қолтаңбалары сақталған. Әлемдік рынокқа сеніммен шығып, ойып тұрып өз орнын алған еңбек ұжымы кезінде өндірістің негізін қалап, алға дамытқан аға ұрпақтың даңқты дәстүрін лайықты жалғастырып, еңбектегі жеңістерін еселей түсуде!» - деп айрықша атап көрсетті.
Тарихтан дерек
Тантал өндірісінің тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. 1951 жылдың сәуірінде калий фтортанталы өндірісі басталды. 1959 жылы танталдың темір ұнтағын алуға қол жеткізілді. 1960 жылы гидрометаллургиялық бөлістің экстрациялық технологиясы қолданысқа енгізіліп, екі жылдан кейін тантал құймасын вакуумды-доғалы балқытудың өндірісі игерілді. 1964 жылдан бастап құймаларды электронды-сәулелі рафинаттау жүзеге асырылды.
1969 жылы тантал өндірісінде титанды ниобий қорытпасынан (НТ-50) өткізгіштік қабілеті жоғары материалдар әзірлейтін тәжірибелік учаске ашылды. Осы учаске жоғары электрлік, техникалық және қолдану сипаттамаларына ие заманауи өткізгіштер, кабельдер мен шиналар жасауға мүмкіндік беретін бірегей кешеннің негізін қалады.
Еліміз егемендік алған соң, 2001 жылы таза ниобий пентаоксиды өндірісі жолға қойылып, ізінше-ақ ниобий құймалары шығарыла бастады. 2007 жылы жоғары сыйымдылықтағы конденсатор ұнтақтарының жартылай өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды. Арадан бір жыл өткен соң оларды толық өнеркәсіптік жолмен шығаратын, конденсаторларға арналған тантал сымдарын әзірлейтін қуатқа ие цех, сондай-ақ ниобий-алюминий лигатуралары өндірісі пайдалануға тапсырылды.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«ҮМЗ» АҚ Баспасөз қызметі
+8(3272)29-84-12
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23500-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
