Алматыда Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың 52-ші Бас Ассамблеясы ашылды

17.10.2011

Алматы

Бүгін, қазанның 17-сінде Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның қолдауымен Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ТІС) 52-ші Бас Ассамблеясы өз жұмысын бастады.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 1999 жылдан бері ТІС мүшесі. Ядролық энергетикалық қондырғылар мен өнімдерге арнап құрамында бериллий, тантал және ниобий бар отын компоненттерін шығаратын еліміздегі бірегей өндіріс орны саналатын Үлбі металлургия зауыты («ҮМЗ» АҚ) – ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны.
 
ҮМЗ-ның тантал-ниобий өндірісі құрамында тантал-ниобий бар шикізаттарды дайын өнімге дейін өңдейтін толық өндірістік циклға ие ТМД аумағындағы жалғыз және дүние жүзіндегі ірі кәсіпорындардың бірі ретінде танымал. Соның арқасында Қазақстан ТІС Бас Ассамблеясын шақырған ТМД елдері арасындағы алғашқы мемлекет болып отыр.
 
ТІС Атқару комитетінің (Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың басқару органы) мүшесі, «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Гагарин, «ТІС Ассамблеясының Қазақстанда өткізілуі - тантал саласындағы жетекші ойыншы ретінде еліміздің және компанияның беделін мойындауға жасалған үлкен қадам», - деп атап көрсетті.
 
ТІС 52-ші Бас Ассамблеясы аясындағы техникалық сессияларда делегаттар тантал мен ниобий рыногының қазіргі беталысына, тантал-ниобий өнімдерін өндіру технологиясын дамытуға, жекелеген кен орындарында шикізат өндіруге және жеткізіп берулердің сенімділігіне қатысты мәселелерді талқылайтын болады.
 
ҮМЗ өкілдері «Жарықшақ тантал ұнтақтарын өндіру технологиясын дамытудың қазіргі беталысы», «Балқытудың электронды-сәулелі технологиясын дамыту» және «Ниобий лигатурасы мен жоғары тазалықтағы ниобий өндірісінің технологиясы» деген тақырыптарда үш баяндама ұсынады.
 
Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ТІС) 52-ші Бас Ассамблеясына қатысушылар 19 қазан күні Өскеменге аттанып, бірегей металлургиялық кәсіпорын «ҮМЗ» АҚ-ның жұмысымен танысады.
 
ТІС жыл сайын тұрақты түрде әлемнің түрлі мемлекеттерінде техникалық және бизнестік тұсаукесерлерін өткізіп тұрады, оған тантал саласының ғылыми элитасы, жетекші өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары шақырылып, тантал мен ниобий сияқты сирек металдардың өндірістік және зерттемелік аспектілері талқыланады.
 
Алматыға 52-ші Бас ассамблеяға қатысу үшін әлемнің 30-дан астам елінен делегаттар келді.
 
Анықтама
Үлбі металлургия зауытындағы Тантал өндірісінің тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. 1951 жылғы сәуір айында мұнда калий фтортанталы шығарыла бастады. 1959 жылы алғашқы тантал ұнтағын алуға қол жеткізілді. 1960 жылы гидрометаллургиялық бөлістің экстракциялық технологиясы игеріліп, арадан екі жыл өткенде тантал құймаларын вакуумды-доғалы қорыту желісі іске қосылды. 1964 жылдан бері өндірісте  танталды электронды-сәулелі шақпақтау қолданылып келеді.
 
1969 жылы Тантал өндірісінде ниобийдің титанмен қорытпасы (НТ-50) негізінде өткізгіштік қабілеті жоғары материалдарды әзірлеудің тәжірибелік учаскесі жұмыс бастады. Бұл қазіргі заманғы өткізгіштігі жоғары кабельдерді, жоғары электрлік, техникалық және эксплуатациялық сипаттарға ие шиналарды жасауға мүмкіндік беретін бірегей кешеннің пайда болуына негіз қалады.
 
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 2001 жылы таза ниобий пентаоксиды өндірісі жолға қойылды. Сонан соң электронды-сәулелі қорыту әдісімен саф ниобий құймаларын шығаратын өндіріс орны ұйымдастырылды. 2008 жылы жоғары сыйымдылықтағы конденсаторлық ұнтақтар өндіретін өнеркәсіптік желі ашылып, конденсаторларға арналған тантал сымдарын әзірлейтін қуаттар іске қосылды.
 
Бүгінде ULBA маркалы өнімдер АҚШ, Германия, Англия, Франция, Чехия, Израиль, Жапония, Қытай, Ресей және Украинаға тұрақты түрде жеткізіліп, тұтынушылар қатары ұдайы өсіп келеді.

 
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
www.ulba.kz
 
Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталық (Tantalum-Niobium International Study Center – TIC) – тантал мен ниобий қасиеттерін зерттеуге көмектесу және ақпараттарандыруды арттыру мақсатында 1974 жылы құрылған халықаралық коммерциялық емес қауымдастық. Бүгінде әлемнің 30-дан астам еліндегі тантал және ниобий өнеркәсібінің барлық аспектілеріне қатысатын 83 ірі компания осы қауымдастың мүшесі.
www.tanb.org

жаңалықтарға оралу