AREVA және Қазатомөнеркәсіп біріккен отын-маркетинг кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды

06.10.2009
Астана
  
Бүгін AREVA компаниясының атқарушы директоры Анна Лавержон мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьник IFASTAR деп аталатын біріккен отын кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл іс-шара Франция президенті Николя Саркозидің Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында өткізілді.
2009 жылғы қыркүйекте қол қойылған қос компания арасындағы негіздемелік келісімнің жалғасы іспеттес аталмыш келісім реакторға дейінгі отын циклы саласындағы әріптестікті нығайта түсуге қызмет етеді. Бұл қадам әлемдік уран өндірісінің 30 пайыздық үлесіне ие компаниялар ретінде AREVA мен Қазатомөнеркәсіптің Азиядағы шептерін нығайта түсу стратегиясын аңғартады.
Аталмыш келісімнің шарттарына сәйкес штаб-пәтері Парижде орналасатын жаңа IFASTAR (Integrated Fuel Asia Star) компаниясына AREVA (51%) мен Қазатомөнеркәсіп (49%) бірге иелік ететін болады.
 
IFASTAR-дың алдына қойылған міндет мынадай екі бөлімнен тұратын техникалық-экономикалық негіздемені жүзеге асыру болып табылады:

·        Азияда жұмыс істеп тұрған электроэнергетикалық компанияларға интеграцияланған отын пакеттерін (реакторға дейінгі отын циклының барлық сегменттерін қамтитын және Қазатомөнеркәсіптің уран ресурстары мен AREVA-ның отын технологияларын үйлестіретін) өткізуге қатысты мақсатты азиялық рынокты бағалау;
·        Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында отын өндіретін тармақ (жылына 400 тU)  құрылысының техника-экономикалық негіздемесі.
 
Бағалау нәтижелеріне қарай және әріптестердің тиісті шешім қабылдауынан кейін IFASTAR осы тармақтың өнімін өткізумен шұғылданатын болады. Ал өндірістік үдеріс жеке-дара құрылатын біріккен кәсіпорынға (Қазатомөнеркәсіп – 51%, AREVA - 49%) жүктелмек.
 
***
«Мұндай келісім Қазатомөнеркәсіп пен AREVA-ның сындарлы да ұзақ мерзімді қарым-қатынастарының тағы бір жемісі, біз үшін бұл қосымша құны жоғары өнім – отын құрамаларын шығаратын тігінен интеграцияланған компания құрудағы тағы бір бағындырылған асу болды», - деп атап көрсетті Владимир Школьник.
Ал Анна Лавержон пікірінше, «аталмыш келісім AREVA мен Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық ынтымақтастығын нығайта түсті. Ол біздің тұтынушыларымыз үшін уран ресурстарының қолжетімділігін ұлғайта отырып, өнім жеткізіп берулердің сенімділігі мен оларды әртараптандыруға өз үлесін қосатын болады».
 
AREVA компаниясы бүкіл дүние жүзінде көмір қышқыл газынсыз электр энергиясын өндіріп, оны өз тапсырысшыларына жеткізіп берумен шұғылданады. Осы саладағы білім мен тәжірибенің молдығын ескерсек, компания электр энергиясына деген әлемдік сұранысты қанағаттандыруда жетекші рөл ойнайтыны күмәнсіз. Дүние жүзілік ядролық энергетикада бірінші орынды иелеп тұрған AREVA-ның бірегей интеграцияланған ұсыныстары ядролық отын циклының барлық кезеңдерін, реакторды жобалау мен құруды, сондай-ақ қосалқы қызметтер көрсетуді тұтастай қамтыған. Сонымен қатар компания биомасса энергиясын, жел энергиясын және отын элементтерін өзі ішіне қамтып алатын жаңғырмалы қуат көздері бойынша да өз қызмет аясын кеңейтуде. Электр энергиясын бөлу және жеткізу жөнінен әлемдік көшбасшы ретінде AREVA энергия желілерінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша кең ауқымды қызметін ұсынады. Тұрақты даму компанияның салалық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі саналады. AREVA-да еңбек ететін 75 000 қызметкер күн сайын компания дамуына өз үлестерін қосып, барынша таза, қауіпсіз және үнемді энергияны жасау мен оны орасан үлкен тұтынушылар қауымына таратуға қызмет етеді.
www.areva.com
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
Баспасөз үшін байланыс
 
AREVA
Tel: +33 1 34 96 12 15 - Fax: +33 1 34 96 16 54
press@areva.com
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу