Атом саласы қызметкерлерінің күнін мерекелеу туралы

26.09.2008
2008 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Атом саласы қызметкерлерінің күні ресми түрде атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес осынау кәсіби мерекелік күнді белгілеу жөніндегі жарлыққа 2008 жылғы 12 мамырда қол қойғаны мәлім.  Мұның алдында Атом энергетикасы, өнеркәсібі және аралас салалар қызметкерлерінің кәсіподағы отыз мыңнан астам мүшесінің атынан бұл мерекені белгілеу бойынша бастама көтеріп, Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметіне өтініш жолдаған болатын.

Қазақстан күнтізбесінде жаңа кәсіби мерекенің пайда болуы еліміз экономикасын өркендетуде атом саласының маңызды рөл атқаратынын айғақтай түседі.

Мерекеге дәл осы күннің таңдап алынуы да тегін емес. Мұнан 66 жыл бұрын, яғни 1942 жылғы 28 қыркүйекте КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі» жарлығын жариялап, Ғылым академиясы жанынан мамандандырылған атом ядросы зертханасын ашуды қолдаған еді. Отандық атом саласының арғы-бергі тарихымен төмендегі дерек көздері арқылы танысуларыңызға болады:

http://www.memr.gov.kz/?lng=kaz&mod=atom

http://www.kazatomprom.kz/cgi-bin/index.cgi?p24&version=kz

Атом саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылған «Хабар» арнасындағы «Атомарный вес» деректі фильмінің алғашқы қойылымы жексенбіде көрермен үкіміне ұсынылады. Фильмнің бірінші сериясы 28 қыркүйек күні сағат 16.50-де басталады.

Қазақстанның атом саласы: деректер мен дәйектер

  • Қазақстан аумағында жаппай уран іздеу Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында басталған – КСРО МҚК-нің тиісті жарлығына 1944 жылы қол қойылған.
  • Қазақстандағы ең алғашқы уран кеніші - Қордай кен орны 1951 жылы табылған.
  • 1953 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта республикада 102 мың тонна U308 өндірілген.
  • Қазақстан барланған уран қоры жөнінен (1,5 млн. тоннадан астам) Австралиядан кейінгі екінші орында.
  • Республика аумағындағы уран өңдеген төрт комбинаттың өндірістік үлесі бүкілодақтық қуаттың 30 пайызына тең келген.
  • Үлбі металлургия зауыты Кеңес заманында АЭС-ке арналған отын таблеткаларына деген Одақтық сұраныстың 85 пайызын жауып отырған.
  • Ай сайын 40 мың погон метр – КСРО геологиялық барлау бірлестіктері арасында қазақстандық «Волковгеология» бұрғышылары осындай өндірістік рекорд орнатқан.
  • 1980-82 жылдары атом саласы кәсіпорындарындағы қызметкерлердің саны 70 мыңнан асатын.
  • 1972 жылы Ақтау қаласында іске қосылған әлемдегі ең алғашқы жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор қаланы электр энергиясы және тұщытылған ауыз сумен қамтамасыз ете отырып 20 жылдан астам уақыт апатсыз жұмыс істеді.
  • 1992 жылдан Ресей Қазақстанның табиғи уранына тапсырыс беруден толық бас тартты.
  • 12 млн. АҚШ доллары – атом саласы кәсіпорындарының жалақы бойынша 1998 жылғы қыркүйектегі қарызы осынша еді. Банктер мен басқа да қаржы институттары алдындағы берешек – 44 млн. доллар; бюджет және бюджеттен тыс қорлар алдындағы қарыз – 20 млн. долларды құрады.
  • Қазақстан 1994 жылдан бастап Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) тең құқылы мүшесі саналады.
  • МАГАТЭ қазақстандық ғалымдар жетілдіре түскен жерасты ұңғымалы шаймалау әдісін экологиялық тұрғыдан алып қарағанда да уран өндірудің ең қауіпсіз тәсілі деп таныған.
  • Қазіргі заманғы жерасты ұңғымалы шаймалау кенішін бір адамның өзі толық басқара алады.
  • Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы қызметкерлерінің саны 25 мыңнан асып жығылады.
  • 2008 жылы «Волковгеология» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК еншілес кәсіпорны) 1 млн. 700 мың погон метр бұрғылауды жоспарлаған.
  • Қазір Қазатомөнеркәсіптің еншілес және біріккен кәсіпорындарында өндірілетін U308 бір тәуліктегі жиынтық көлемі 24 тоннаны құрайды.
  • 2010 жылға қарай Қазатомөнеркәсіп жылдық уран өндірісін 15 мың тоннаға жеткізуді жоспарлаған, бұл уран өндірісінде Қазақстанның әлемдік көшбасшы болуын қамтамасыз етпек.
  • Қазатомөнеркәсіп ҰАК-ның 2007 жылдағы жинақталған таза табысы 35 млрд. теңге шамасында болып, бюджетке төлеген бір ғана табыс салығының өзі 15 млрд. теңгегеден асты.
  • 6 млрд. теңге – 2004 жылы құрылған «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» мамандандырылған әлеуметтік компаниясы өзі жұмыс бастаған кезден бастап Қазақстанның түрлі аймақтарындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға осынша көлемде қаржы салды.
  • Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мемлекеттік саясатына сәйкес Қазатомөнеркәсіп ерікті түрде отандастарымыздың өмір сапасын жақсарту міндетін өз мойнына алды.
  • 2007 жылғы қазанда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК реакторжасау рыногындағы әлемдік көшбасшы саналатын Westinghouse Electric Company LLC компаниясының 10 пайыздық үлесін сатып алу бойынша тарихи келісімге қол жеткізді.
  • «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК мен канадалық Cameco корпорациясының қатысуымен 2008 жылғы маусымда Үлбі металлургия зауыты базасында құрылған біріккен кәсіпорын конверсия бойынша әлемдік қуаттың 17 пайызына дейін қамтамасыз ете алатын болады.
  • Ядролық отын циклының түпкі өнімі - жылу бөлгіш құрамалар шығару бойынша ҮМЗ қуатын жаңғырту ісіне француздың Areva компаниясы қатысады. Бұл туралы келісімге 2008 жылғы маусымда қол қойылды.
  • 2008 жылғы шілдеде Қазатомөнеркәсіп толық ядролық-отын циклына ие тігінен интеграцияланған трансұлттық компания қалыптастырудың ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы болып қайта ұйымдасқан Қазақстанның атом саласы өткен ғасырдың соңындағы дағдарыс зардаптарын қысқа мерзім ішінде жеңе біліп, 2000 жылдан бастап даму қарқынын үдете түсті. Бүгінгі таңда атом саласы республикадағы жоғары технологиялық, терең ғылымға негізделген және табысты салалардың бірі саналады. Жинақталған тәжірибе мен күш-қуат және болашақты батыл көре білу Қазатомөнеркәсіпке алдағы 5-7 жылда отандық және сырттан әкелінген технологиялар негізінде қосымша құны мейлінше қымбат болатын жоғары бөлістегі уран өнімдерінің өндірісін жолға қоюға, сондай-ақ сәулелендірілген отынды қайта өңдеу мен радиоактивті қалдықтарды орналастырудан басқа буындардың бәрінде өз мүддесі бар ықпалды ойыншы ретінде әлемдік рынокта берік орын алуына толық мүмкіндік береді. Атом саласының табыстары тәуелсіз Қазақстанның қол жеткен жетістіктері мен атом энергетикасы шешуші рөл ойнауға тиіс жақын болашақта еліміздің әлемдік қауымдастықтағы лайықты орнын иелеуге деген талпынысын нығайта түседі.

«Қазатомөнеркәсіп» - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания акцияларының 100% ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, яғни мемлекетке тиесілі. Компания геологиялық барлау, уран өндірісі, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және мамандар дайындау, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты негізгі бағытты басқаратын холдинг түрінде құрылған. Қазіргі күні компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.


жаңалықтарға оралу