БАСПАСӨЗ БАЯНЫ ҚАЗАҚСТАНДА МОЛИБДЕН ӨНДІРІСІН ЖАСАУ ТУРАЛЫ

25.08.2005

2005 жылғы 20 тамыз күні  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болды. Сапары барысында мемлекет басшысы “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы” АҚ президенті М.Е.Жәкішевпен және Степногорск тау-химия комбинатының (СТХК) Бас директоры Э.А.Пірматовпен кездесіп, сұхбаттасты.

Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылғы қыркүйекте Степногорскідегі гидрометаллургия зауыты, күкірт қышқылы зауыты, Шаңтөбе кентіндегі №1 Кен басқармасы тағы басқа қосалқы нысандар “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК басқаруына берілген болатын. Тұралап қалған кәсіпорын алғашқы айдың өзінде-ақ жұмысын қайта бастап, ырғақты жұмыс істеуге көшкен-ді. Бұл өз кезегінде 2900-ден астам қызметкерді жұмыспен және уақытылы жалақымен қамтамасыз етті.

М.Жәкішев сенімді басқаруға алынған кезең ішіндегі комбинаттың жұмыс жағдайы және даму стратегиясы жөнінде мемлекет басшысына мәлімдеп, сондай-ақ СТХК-ның 2010 жылға дейінгі даму болашағымен таныстырды.

Мемлекет басшысы СТХК дамыту бойынша жоспарларды мақұлдап, Қазақстанда молибден өндірісін жасаудың болашағын айрықша атап көрсетті. СТХК-ның еңбек ұжымына белгіленген жоспарларды орындауда табыстар тілеп, бұл Степногорск қаласы тұрғындарының материалдық игілігін арттырып, тұрмыс деңгейін көтеретініне тоқталды.

249 мың тоннадан астам, яғни әлемдегі барланған молибден қорының алтыдан бір бөлігі Қазақстан аумағында болуына қарамастан, республикада молибден өнімдерінің өндірісі жолға қойылмаған-ды. Ал молибден болаттың арнайы сорттарын, мұнайды қайта өңдеу өнеркәсібі үшін катализаторлар алуға кеңінен қолданылады.

Степногорск тау-химия комбинаты мен “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы қызметкерлері СТХК Бас директоры, техника ғылымдарының докторы Э.А.Пірматов басшылығында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде молибден оксидын алудың бірегей схемасын жасап шығып, гидрометаллургия зауытының тәжірибе-өнеркәсіп учаскесінде сынақтан өткізді. Зертханалық талдаулар оның халықаралық сапа стандарттарына толық сай екендігін дәлелдеді. Бұл қазақстандық ғалымдар, технологтар және өндірісшілердің үлкен жеңісі болып саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Степногорскіге келуіне орай комбинатта молибден оксидының алғашқы партиясы шығарылды.

Молибден кенін өнеркәсіптік жолмен қайта өңдеуді жасау мақсатында алдағы 3 ай көлемінде жылына 1 миллион молибден кенін қайта өңдеу қуатына ие кен байыту фабрикасын құру, алаңды әзірлеп, өнімділігі жылына 1000 тонна молибден оксидына тең қазақстандық жаңа технология негізінде молибден оксидын өндіру бойынша қондырғыларды орнату жоспарланып отыр.  Алғашқы өнеркәсіптік партияны шығару 2006 жылдың басына белгіленген.

Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету үшін Шорское кен орнындағы кенді қайта өңдеу бойынша британдық «Eurika mining» компаниясымен бірге “Моликен” ЖШС біріккен кәсіпорны құрылды. Кен орнындағы молибденнің минералогиялық қоры 21 мың тоннаны құрайды. Сол сияқты мыс-молибден кендері бойынша Қызылту және Селетинское кеніштерін іске қосу да жоспарда тұр.

Жобаны жүзеге асыру кен жолының қуатын 100%-ға толықтырып, гидрометаллургиялық бөлісудің мейлінше толық болуын және жылына 1150 тонна төңірегінде молибден өндіруге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК бағдарламасына сәйкес 2005-2007 жылдар көлемінде комбинаттың дамуына 180 млн. доллар мөлшерінде инвестиция құю көзделген, бұл 2010 жылға қарай комбинатта жоғары рентабельді және тұрақты өндірісті қамтамасыз ететін болады.


жаңалықтарға оралу