Баспасөз баяны “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы мен Мизухо Корпорейт банкі арасында $60 млн-ға экспорт алдындағы қаржыландыру бойынша келісімге қол қойылғаны туралы
13.09.200513.09.2005 [ Мұрағат: 2005 2006 2007 2008 ]
Бүгін, 2005 жылғы 13 қыркүйек күні Алматыда “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы (Қазақстан) мен Мизухо Корпорейт банкі (MIZUHO CORPORATE BANK, LTD, Жапония) арасында $60 млн. экспорт алдындағы қаржыландыру бойынша келісімге қол қою рәсімі болып өтті. Бұл келісімге байланысты тәуекелді Жапонияның Экспорттық Инвестициялық компаниясы (NEXI, Nippon Export and Investment Insurance, Жапония) сақтандырады.
Несиені қайтару мерзімі 10 жыл. Экспорт алдындағы қаржыландырудың кепілі Иточу Корпорейшн (Itochu Corporation, Жапония) компаниясымен жасалған уран тотығы мен шала тотығын (табиғи уран концентраты) жеткізіп беру жөніндегі экспорттық келісім-шарт болып табылады. Негізгі берешек әр тоқсан сайын бірдей үлесте төленіп отырылады. Осы келісімде негізгі берешекті қайтару бойынша екі жылдық жеңілдетілген кезең де қарастырылған.
Экспорт алдындағы қаржыландыру жобасы “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК-ның 2010 жылға қарай Қазақстанда уран өндіруді 15 000 тоннаға жеткізу және сол арқылы әлемде бірінші орынға шығуды көздеген бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама бүгінгі таңда кен орнын игерудің экологиялық ең таза және жоғары рентабельді тәсілі болып табылатын жерасты сілтілендіру әдісімен уран өндіріп жатқан кеніштерді кеңейту, сонымен қатар жаңадан жұмыс бастайтын кеніштердің ашылуын қамтиды.
Экспорт алдындағы қаржыландыру жобасы компанияның халықаралық 11 банктің $150 млн-дық синдикатты займын алудан кейінгі екінші кең ауқымды жобасы болып саналады.
“Қазатомөнеркәсіп” ҰАК уран өндіру көлемі бойынша бірінші көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қарыз қаржылардан басқа, сондай-ақ өз қаржысынан да пайдалануда.
