Баспасөз баяны Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында қоғамдық тыңдау өткені туралы
07.10.2005“Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Қыземшек кенті әкімдігінің қолдауымен Мыңқұдық кен орнының Батыс және Орталық учаскелерінде, Ыңғай кен орнының №4 учаскесінде, Буденовское кен орнының №2 учаскесінде жоспарланған жаңа жобаларға байланысты қоғамдық тыңдау өткізді.
Қоғамдық тыңдауға жергілікті мемлекеттік басқару органдары, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде Қыземшек кентіндегі Ардагерлер кеңесі, ата-аналар комитеті, Әйел-қыздар кеңесі, “Отан”, “Асар” және “Азаматтық” саяси партияларының, Жастар қоғамының, “Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы, өнеркәсібі және аралас салалар қызметкерлері кәсіподақтары” республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, кент және оған жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары, сондай-ақ “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы мен оның құрамдас құрылымдарының өкілдері қатынасты.
Шу-Сарысу уран кені провинциясында орналасқан аталмыш уран кен орындары бүгінгі таңда кенішті игерудің экологиялық тұрғыдан ең таза және рентабельді тәсілі болып саналатын жер асты ұңғымалы сілтілендіру әдісін қолдануға қолайлы. Кен көзін игеруге нақты барлау және бұрғылау жұмыстары, соңынан кеніштер құрылысын салу және пайдалану жатады.
2007 жылы іске қосу көзделіп отырған Орталық Мыңқұдық кеніші 2010 жылға қарай жылдық уран концентратын өндіруді жоспардағы қуаты 2000 тоннаға жеткізбек. Батыс Мыңқұдық кеніші 2008 жылы өнім бере бастайды да, 2012 жылға қарай жылына 1000 тонна уран концентратын өндіретін жоспардағы қуатына шықпақ. Ыңғай кен орнына қарасты №4 учаскедегі кеніш 2007 жылы жұмыс бастап, 2010 жылы жылына 2000 тонна уран өндіретін жоспардағы қуатына қол жеткізеді. 2008 жылы іске қосылады деп жоспарланған Буденовское кен орнындағы №2 учаске кеніші 2012 жылға қарай жоспарлы қуаты – жылына 1000 тонна уран концентратын өндіретін болады.
