Баспасөз баяны «Энергия, химия және су» I Халықаралық Инновациялық Мектеп және Дөңгелек Үстелін өткізу туралы

30.05.2011

Актау қ.

Үстіміздегі жылдың 30 мамыр мен 3 маусымы аралығында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС базасында (Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы), «ЭНЕРГИЯ, ХИМИЯ және СУ» І Халықаралық Инновациялық Мектеп және Дөңгелек үстелі өтеді. Шараның ұйымдастырушылары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Қазақстан ядролық қоғамы» қауымдастығы.
 
Инновациялық Мектеп және Дөңгелек үстел Қазақстанның 2010-2014 жылдардағы Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасына зияткерлік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Инновациялық мектеп ұйымдастырушылары инновация және энергоүнемдеу саласына жаңа идеялар лебі мен тапқырлық қабілеті жоғары адамдардың тартылуын, компанияларға қорды үнемдеу бойынша нақты жобалық идеялар мен ұсыныстардың жасалуын, инновациялық әріптестік негізінде орнатылған қарым-қатынастардың нығайып, жаңа байланыстардың қалыптасуын өз алдарына мақсат етіп қойып отыр.
 
Инновациялық Мектептің ашылу салтанатына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник және Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысады.
 
Бір апта көлемінде Қазақстан, Ұлыбритания, Германия, Франция, Бельгия және Ресей елдерінің индустриалды және инжинирингтік компанияларының жетекші мамандары, университеттер мен ғылыми орталықтарының өкілдері күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелерді талқылайды. Нақты айтқанда, шағын және ірі ауқымдағы жаңғырмалы энергетика, Ақтау және Павлодар қалаларында инновациялық химиялық кластер (химиялық парк) құрылысы, энергоүнемдеу технологияларының тәжірибесі мен болашақтағы дамуы, АЭС жобалаудың заманауи технологиялары, ВБЭР-300 реакторлық қондырғысына арналған ядролық тұшытудың синергетикалық әсері және жалпы Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының инновациялық даму мәселелері кеңінен сөз болады.
 
 
Анықтама.
2011 жылғы 13 мамыр күні «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» Еркін экономикалық аймағында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен форум болып өтті. Жиында сөз алған мемлекет басшысы қазір әлемде қалыптасып отырған ахуалда инновациялық дамудың мән-маңызына: әлемдік бәсекелестік, ресурстар үшін күрес, жаһандану т.т. айрықша тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы 2020 жылға қарай Қазақстан инновациялық типтегі мемлекеттің барлық белгілері мен атрибуттарына ие болу керектігіне қатысушылардың баса назарын аударды. Атом өнеркәсібі, ядролық энергетика әрқашан ғылыми-техникалық дамудың алдыңғы қатарында болғаны мәлім. Қазатомөнеркәсіп бүгінгі таңда өз жемістерін бере бастаған, сөйтіп шетелдік серіктестердің қызығушылығын арттыра бастаған біраз инновациялық жобаларға ие.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Инновациялық-технологиялық саясатының стратегиялық мақсаты - бизнесі нақты зерттемелерге негізделген Компания құру, ядролық энергетика саласында экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете алатын серпінді инновациялық технологияларды енгізу және атом саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Маңғыстау облысы және МАЭК-Қазатомөнеркәсіп ядролық-энергетикалық саланы дамыту жөнінен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ стратегиясындағы шешуші буын саналады.
 Қазақстанның ядролық қоғамы – тәуелсіз коммерциялық ұйым, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласында барынша мол білімге қол жеткізуді көздеген заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі. 1992 жылы құрылған Қазақстанның ядролық қоғамы республиканың көптеген өңірлерінде өз бөлімшелерін ашқан. Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыруға қатысу, мемлекеттік және халықаралық бағдарламалар мен жобаларды сараптауға қатысу, қауымдастық мүшелерінің ядролық ғылымның, техника мен технологияның, радиациялық экологияның жаңа жетістіктеріне қол жеткізудегі кәсіби мүдделерін қанағаттандыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану мәселелері бойынша кеңінен ақпарат алмасуды ұйымдастыру, атом энергиясының нақты пайдасы туралы жан-жақты түсінікті қалыптастыру үшін жұртшылықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту – осының барлығы Ұйымның басты міндетіне айналған.
 
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады.
Бүгінгі таңда компанияда 23000-нан астам адам еңбек етеді.
Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   
 
 

жаңалықтарға оралу