Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2011 жылдағы қызметінің алдын-ала қорытындысы туралы
03.02.20122011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 19 450 тонна уран өндірілді, бұл 2010 жылғы мөлшерден 9 пайызға көп. Еліміз 2011 жылы алдын-ала есептер бойынша 55 400 тоннаны құраған жалпы әлемдік уран өндірісінің 35 пайызын қамтамасыз етіп, уран өндірісі саласындағы өзінің көшбасшылық шебін сақтап қалды.
Қазатомөнеркәсіп еншілес және бағынышты кәсіпорындардағы қатысу үлесіне қарай 2011 жылы 11 079 тонна, яғни әлемдік өндірістің 20 пайызы мөлшерінде уран өндірді.
Есепті мерзімде Қазақстанда 2010 жылмен салыстырғанда тантал өнімдерінің өндірісі 11,3 пайызға, ниобий өнімдері 27,7 пайызға, бериллий өнімдері 26,9 пайызға өсті.
2011 жылы Холдингке қарасты кәсіпорындардың уран өндіретін кеніштерінде бірқатар жаңа нысандар іске қосылды:
- «Байкен-U» ЖШС игеріп жатқан Солтүстік Хорасан кен орнының Хорасан-2 учаскесінде алғашқы іске қосу кешені (әкімшілік-тұрмыстық және инфрақұрылымдық нысандар);
- «Ақбастау» БК» АҚ игеріп жатқан Буденовское кен орнының №3 учаскесінде жылына 1000 тонна уран өндіретін қуаттағы кеніш құрылысының бірінші кезегіндегі нысандар;
- «Семизбай-U» ЖШС-де «Семізбай» кенішінің жылдық өндірістік қуаты 200 тонналық екінші кезегі;
- «Қаратау» ЖШС-не қарасты «Буденовское-2» кенішінде өнімді ерітіндіні қайта өңдейтін цех жылына 3000 тонналық өндірістік қуатқа ұлғайтылды;
- 2011 жылдың желтоқсанында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында салынған «СКЗ-U» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауытында іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Жылына 500 мың тонна өнім шығару қуатына ие зауыт 2012 жылдан Қазақстанның уран өнеркәсібі қажетіне қолданылатын күкірт қышқылын шығара бастайды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның стратегиялық мақсаттары әлемдік уран рыногындағы көшбасшылық шебін сақтап қалуға бағытталған. Сонымен қатар компания Қазақстанда ядролық-отын циклы өндірісін жасау және осы саладағы шетелдік активтерге қатысу арқылы өз қызметін барынша түрлендіруге мүдделі.
Әлемдік рынокқа уран жеткізіп беру
Қазатомөнеркәсіп табиғи уран жеткізіп беруші ретінде АЭС жұмыс істеп тұрған әлемнің барлық аймағымен әріптестік орнатқан, атап айтқанда: Еуропа, Азия елдері және АҚШ. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының тұтынушыларға өнім жеткізіп беру жөніндегі шарттары 10 400 тонна уранды құрайды, бұл жер бетіндегі реакторлар қажетінің шамамен 17 пайызы. Ұзақ мерзімді шарттар бойынша барлық міндеттемелер 2011 жылы толығымен орындалды.
2011 жылы Қазатомөнеркәсіп бұрыннан бар және жаңа тұтынушылармен бірқатар ірі шарттарға қол қойды. Жаңа тұтынушылар арасында Électricité de France (EDF) компаниясы және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы энергетикалық компаниялары бар.
Ядролық отын және оның құрамдас бөліктері
2011 жылы Қазатомөнеркәсіп және француздың AREVA компаниясы Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
2011 жылы қол қойылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Қытайдың мемлекеттік ядролық өнеркәсіп корпорациясы арасындағы Атом саласындағы стратегиялық өзара ықпалдастық туралы Келісім аясында қыркүйек айында Қазақстаннан Қытайға отын таблеткаларының тәжірибелік партиясы жөнелтілді. Ал желтоқсан айында СGNPC реакторлары үшін отын таблеткаларын дайындау және жеткізу бойынша ұзақ мерзімді шарт жасалды.
Қазатомөнеркәсіп өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыра және аралас жоғары технологиялық бағыттағы өз қызметін әртараптандыра отырып еліміздің индустриальды-инновациялық даму бағытына қарай көш түзейді.
2011 жылғы қыркүйекте Қазатомөнеркәсіп және Toshiba Corporation компанияларының қатысуымен «КТ Сирек металл компаниясы» бірлескен кәсіпорны құрылды. Кәсіпорын сирек металдар, сирек-жер металдар және материалдар бойынша зерттеулер жүргізу, зерттемелер жасау, өндіру, дайын өнім шығару және оны өткізу ісімен шұғылданатын болады.
Жапонның Sumitomo компаниясымен бірлесе құрылған SARECO кәсіпорны да 2011 жылы өз қызметінің жаңа кезеңін бастады. Кәсіпорын Степногорск қаласында жылдық қуаты 1 500 тоннаға тең сирек-жер металдарының топтама сыңарларын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік зауыт құрылысына кірісті.
2011 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ елімізде жаңғырмалы энергетиканы дамыту ісін қолға алды. Қазақстандық кремний негізінде күн батареяларын шығару жобасын жүзеге асыру үшін «Астана Солар» ЖШС құрылып, жұмыс бастады.
Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әр жылы өзі дербес түрде, сондай-ақ компания жұмыс жүргізетін аймақтардағы атқарушы органдармен жасалған өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға қомақты қаржы салып келеді.
Осылайша 2011 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ төмендегі жобаларды іске қосты:
- Өскемен қаласындағы 280 орындық балалар бақшасы;
- Өскемен қаласындағы «Матросово» балалардың сауықтыру лагері;
- Степняк қаласындағы аудандық балалар кітапханасын қайта құру;
- Қыземшек кентіндегі Л. Бөкенов атындағы 635 оқушыға арналған орта мектепті 1000 оқушыға лайықтап ұлғайту;
- Жартытөбе аулындағы 200 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы;
- Шолаққорған селосында 80 орындық балабақша құрылысы (жобаны іске асыру мерзімі - 2010-2011 жж.);
- Қыземшек кентін суландыру (жобаны іске асыру мерзімі - 2010-2011 жж.);
- Қыземшек кентін абаттандыруға күрделі жөндеу (жобаны іске асыру мерзімі - 2010-2011 жж.);
- Шолаққорған селосында А.Сүлейменов атындағы 9 кластық негізгі мектеп құрылысы (жобаны іске асыру мерзімі – 2010-2011 жж.);
- Қарақоңыр аулындағы Ш.Қалдаяқов Мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу – 2-ші кезең.
Сонымен қатар, Холдинг уран өндірілетін өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды ұстауды, инфрақұрылымдарға жөндеу жүргізуді, соның ішінде сумен қамтамасыз ету жүйесін, жол, балалар алаңшаларын жөндеуді тұрақты қаржыландырып тұрады.
Қазатомөнеркәсіптің әлеуметтік жобалары «Парыз-2011» байқауында үздік деп танылды.
