Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметінің 2010 жылдың бірінші жартысындағы қорытындысы бойынша

09.08.2010
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үстіміздегі жылдың бірінші жартысындағы өндірістік қызметінің қорытындысын шығарды.
 
Холдингке қарасты кәсіпорындар 2010 жылдың өткен алты айында өндірістік жоспарларын толығымен орындап шықты.
 
Қазақстан Республикасында 2010 жылдың алғашқы 6 айында 8 452 тонна уран өндірілді, бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42%-ға көп. Түзетулер енгізілген жоспарларға сәйкес биылғы жылдың екінші жартысында 9 770 тонна уран өндіру межеленген. Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласындағы тұтынушыларды электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ететін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2 143 млн. кВт/сағат электр энергиясын, 1 538 мың ГКал жылу энергиясын және 538 млн. текше метр су өндірді.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның есепті кезеңдегі жалпы табысы 105 млрд. 687 млн теңгені құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 %-ға артты. Табыстың мұншалықты еселеп (дерліктей екі есеге) өсуі уран өнімдерін өткізу көлемінің артуына негізделген.
 
Үстіміздегі жылдың бірінші 6 айлығындағы таза табыс 19 млрд. 414 млн. тенгені құрады, бұл 2009 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 64 %-ға көп.
 
Мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісімен өткен 6 айда мынадай нысандар пайдалануға тапсырылды:
-         Инкай кен орнындағы «Инкай ЖШ Кеніші» жобасы бойынша «Инкай» БК» ЖШС-нің (қазақстан-канада бірлескен кәсіпорны) өнеркәсіптік кешені мен геотехнологиялық алаңы;
-         «Қаратау» ЖШС игеріп жатқан «Буденовское» кен орнының 2-учаскесіндегі жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен кеңейтілген тәжірибелік-өнеркәсіптік уран өндірудің бірінші кезеңі;
-         Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Байкенже ауылдық округында орналасқан «Байкен-U» ЖШС-нің вахталық кентіндегі 245 адамдық тұрғын үй кешені.
 
Холдинг алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі – толық ядролық-отын циклын құруға бағытталған жобаларды нақты іске асыру. 2010 жылдың бірінші жартысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Росатом» МК арасында «Уран байыту орталығы» (УБО) ЖАҚ жобасын одан әрі дамыту туралы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Бұрынғы уағдаластыққа балама түріндегі бұл қадам қазақстандық компанияның қазір жұмыс істеп тұрған «Урал электрохимия комбинатынан» (УЭХК, Новоуральск қ.) үлес алуын көздейді.
 
Есепті кезеңнің тағы бір жетістігі – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны) мен жапондық Nuclear Fuel Industries Ltd. (NFI) компаниясы ҮМЗ-де жапондық атом электр стансалары үшін арнайы әзірленген уран диоксиды ұнтақтарын сертификаттаудан өткізді, бұл ҮМЗ-ның жапон рыногына ядролық отынның құрамдас бөліктерін жеткізу жобасын іске асыруға кірісуіне кең жол ашады.
 
Өткен алты ай ішінде «Sumitomo компаниясымен бірге сирек және сирек-жер металдар өнімдерін өндірісін құру» жобасын жүзеге асырудың жарқын көрінісіндей болып «SARECO» бірлескен кәсіпорны құрылды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапондық Toshiba Corporation сирек және сирек-жер өнімдер мен материалдарды зерттеу, әзірлеу, өндіру және өткізу жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол жеткізді. Жаңа кәсіпорынды құру 2010 жылдың екінші жартысына жоспарланған.
 
Қазатомөнеркәсіп Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытудың кең ауқымды бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. 2010 жылғы маусым айында іске қосылған жел және күн энергияларына негізделген екі автономды энергетикалық кешен «Астананың жасыл белдеуіндегі» (Ақмола обл.) «Орман тосқауылы» нысанын жарықпен қамтамасыз ететін болады. Мұндай энергетикалық қондырғыларды шығаруды Қазатомөнеркәсіптің құрамындағы «Машзауыт» АҚ (Өскемен қ.) базасында ұйымдастыру қолға алынған.
 
Бірінші жартыжылдықта «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ 500 млн. АҚШ доллары сомасындағы, купондық ставкасы 6,25% дебюттық еурооблигацияларды 5 жылдық мерзімге орналастырды. Бұл дамушы рыноктар эмитенттерінің еурооблигациялар шығару тарихындағы үздік көрсеткіш. Еурооблигацияларды орналастырудан түскен қаржы болашақ инвестициялар үшін, атап айтқанда, конверсия мен уран байыту саласына жұмсалатын болады.
 
 «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz

жаңалықтарға оралу