Баспасөз баяны «Қысқы мектеп-2010» ашылуы туралы

23.02.2010
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамындағы Қазақстанның ядролық университеті өз тыңдаушыларына дәстүрлі Қысқы мектептің есігін айқара ашты. Ұлттық атом компаниясының орта буын менеджерлеріне арналған жыл сайынғы оқу сабақтары мұнда әрқашанғыдай оқу-коммуникативті курс түрінде ұйымдастырылады.
Осымен қатарынан үшінші жыл өткізілгелі отырған Қысқы мектептің ашылу салтанатына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник, «Тау-кен компаниясы» ЖШС Бас директоры Марат Ниетбаев, «Волковгеология» АҚ Бас директоры Сергей Сушко, «Қазақстанның ядролық университеті» ЖШС Бас директоры Олег Василевский және холдингке қарасты басқа да бірқатар кәсіпорындардың басшылары қатысып, сөз сөйледі.
Компанияның Басқарма Төрағасы өзінің құттықтау сөзінде курс қатысушыларына табысты да жемісті жұмыс тілей келе, Қазақ атом өнеркәсібінің, сонымен қатар тұтастай отандық атом саласының бүгінгі жай-күйі мен даму болашағы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Биылғы «Қысқы мектеп-2010» құлаққа тосындау «Қазіргі заманғы озық технологиялардың сиқыры» деген атпен өткізілмекші. Ұлттық атом компаниясының құрамындағы барлық еншілес және біріккен кәсіпорындардан келген елу шақты қызметкер жобалық менеджмент және командалық жұмыстың сапасын арттыру негіздерін оқып үйренетін болады. Қысқы мектептің алдына қойылған тағы бір маңызды міндет – кәсіпорындары кең байтақ Қазақстанның төрт қиырына шашырай орналасқан Холдинг қызметкерлері арасындағы байланыстарды нығайту.
Курсты ұйымдастырушылар оқыту бойынша серіктес ретінде «Ланит» оқу орталығын шақырыпты. Бұл желілік академия ноу-хау түрінде оқытудың өзіндік форматын ұсынған. Қысқы мектеп өтетін «Табаған» спорттық ойын-сауық кешенінде мультимедиялық «ТЕАМ КРD» жобалық қызметінің симуляторы бар компьютерлік қондырғы орнатылған. Аталмыш жүйенің әлемдік ұқсастарынан өзгешелігі сол, мұнда «Тәуекелі көп және жоғары тұрлаусыздық жағдайында жобаларды басқару» атты жаңа технология қолданылады.
Эксклюзивтік тренингтің авторы – ресейлік білікті жаттықтырушы, жобаларды басқару саласындағы сертификатқа ие кәсіби маман, коучер Андрей Заходяйченко мен адам ресурстарын басқару саласы бойынша сарапшы-кеңесші Рашид Азизов. Соңғысы сегіз жылдан астам уақыттан бері бірқатар отандық жетекші компаниялар үшін бірыңғай оқу бағдарламалары мен әдістемелерін әзірлеп, кеңінен қолданушы ретінде танымал.
Қысқы мектеп-2010 ақпанның 27-сінде тыңдаушыларға сертификаттар тапсырумен аяқталады. Сол күні үздіктер де марапатталатын болады. Сонымен қатар, Қазақстанның ядролық университеті атом саласындағы жас мамандардың біліктілігін арттыруға қызмет ететін Жазғы мектептерді де жыл сайын тұрақты түрде өткізіп келеді.
 
«Қазақстанның ядролық университеті» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының қызметкерлерін кәсіби дайындықтан және қайта дайындықтан өткізетін мамандандырылған орталық. 2004 жылғы қыркүйекте тіркелген. Мақсаты мен міндеті - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК кәсіпорындарының атом саласы ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған білікті мамандарға деген сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін арттырудың үздіксіз үдерісін қамтамасыз ету.
www.knu.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz 

жаңалықтарға оралу