Баспасөз баяны «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу туралы
14.09.2010Бүгін Алматыда «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады. Алқалы жиынға Қазақстан, Франция, Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Англия, Норвегия, Финляндия, Украина, Австралия, Египет сияқты барлығы 16 елден 270 шақты делегат қатысуда.
Конференцияны өткізудегі басты мақсаттардың бірі – әлемдік ядролық индустрия кәсіпорындарының ғылыми-техникалық интеграциясына ықпал жасау.
Қазіргі кезде ядролық энергетика ғаламдық дамудың қозғаушы күшіне айналып отыр. Энергиямен жабдықтаудың жаһандық үдерісіне қосылған Қазатомөнеркәсіп табиғи уран өндіруден бастап, оны өңдеу, конверсиялау және байыту, отын құрамалары мен сенімді де қауіпсіз атом стансаларын құратын қуаттар өндірісін қамтитын ядролық-отын циклының барлық кезеңдеріне қатыса алатын сатылас интеграцияланған трансұлттық компания құру жөніндегі өз стратегиясын жүзеге асырып келеді.
Ядролық энергетиканы дамытудың бүкіләлемдік үрдісі дүние жүзілік уран өндіруші компаниялардың ғылыми-техникалық саладағы интеграциялануы керектігін алға тартуда. Соған байланысты осындай жиындарды өткізудің қажеттігі туындаған. Конференция жұмысына ұзын саны 103 ұйымның өкілдері қатысып, жүзден астам баяндамалар мен таныстырылымдар жасау жоспарланған. Үш күн бойы уран өнеркәсібіндегі инновация; уранның минералды-шикізат базасын дамыту стратегиясы, өндірістің қазіргі жайы мен болашағы; өнім алудың озық технологияларын игеру бағдарламаларын қалыптастыру және іске асыру; атом энергетикасы мен реактор жасау; атом өнеркәсібі үшін сирек және сирек-жер элементтер өндірісінің келешегі тақылеттес тақырыптар талқыға салынбақ. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, жаңғырмалы және баламалы қуат көздерін дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, білікті мамандар даярлау және ядролық индустрияның біртұтас кешенінің сәтті жұмыс істеуіне қатысы бар барлық мәселелер қаралатын болады. Сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі жетекші уран өнімдерін өндіруші ретіндегі маңызды рөлі ескеріле отырып, еліміздің уран өндіруші саласын дамытудың болашағына да айтарлықтай көңіл бөлінбек.
Дәстүрлі «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтуде. Мұндай форум Алматыда осымен 6-шы рет ұйымдастырылып, әрқашан атом-энергетикалық кешені жетекші мамандары тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
