Баспасөз баяны «Жазғы мектеп-2011» ашылғаны туралы

13.06.2011
Алматы қ.

2011 жылғы маусымның 13-інде Алматы маңындағы әйгілі спорт-ойын-сауық кешенінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жас мамандарға арналған «Жазғы мектеп-2011» жұмыс бастады. Жыл сайынғы дәстүрлі корпоративті іс -шараны Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны Қазақстанның ядролық университеті осымен жетінші рет ұйымдастырып отыр. Биылғы Жазғы мектепте Холдингке қарасты 13 кәсіпорыннан болашағынан үміт күттірер 70 шақты жас қызметкері бас қосты.
Аталмыш іс-шараның алдына қойылған мақсат та ұлан-ғайыр: мамандардың біліктілігін апрттыру, өз қызметін жетілдіру дағдыларын үйрену, корпоративті тұтастық рухын қалыптастыру.
 
«Жазғы мектеп-2011» оқу бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жас мамандары мен ғалымдарының үздік жобалары» атты инновациялық жобалар байқауының қорытындысы бойынша өтетін дөңгелек үстелде жеңімпаздардың жұмыстары таныстырылады.
 
Екінші бөлім – мектеп қатысушыларының кәсіби ой-өрісін кеңейтетін лекциялар. Тыңдаушыларға «Атом энергетикасы және ядролық реакторлар», «Баламалы қуат көздері», «Жаңғырмалы энергетика», «Ұңғымаларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары: қазіргі ахуал және мәселелерді шешу жолдары» тақырыптары бойынша Қазатомөнеркәсіптің Иннвестициялық жобалар жөніндегі Атқарушы директоры Валерий Шевелев, «Жоғары технологиялар институты» ЖШС Бас директоры Серік Қожахметов және басқа да ғалымдар дәрістер оқитын болады.
 
Үшінші бөлім тиімді коммуникациялар дағдыларын қалыптастыру бойынша тренингдер өткізуге арналған. Бұл тренингдердің авторы әрі жүргізушісі – танымал топ-менеджер, бизнес-жаттықтырушы, APPLECity Distributors HR-директоры Валерия Гуревич.
 
18 маусым күні Жазғы мектептің жабылу рәсімінде қатысушыларға сертификаттар тапсырылып, ерекше көзге түскен үздік тыңдаушылар марапатталады.
 
Қазақстанның ядролық универсиеті құрылғалы бері алты рет ұйымдастырылған Жазғы мектепте уран саласының 500-ден астам жас мамандары білім алып, кәсіби біліктіліктерін арттырды.
 
Қазақстанның ядролық университеті жыл сайын Жазғы мектеппен қатар Қысқы мектепті де өткізіп, онда Қазатомөнеркәсіптің орта буын менеджерлері дәріс алады.
 
 
«Қазақстанның ядролық университеті» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының қызметкерлерін кәсіби дайындықтан және қайта дайындықтан өткізетін мамандандырылған орталық. 2004 жылғы қыркүйекте тіркелген. Мақсаты мен міндеті - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК кәсіпорындарының атом саласы ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған білікті мамандарға деген сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін арттырудың үздіксіз үдерісін қамтамасыз ету.
www.knu.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады.
Бүгінгі таңда компанияда 24000-ден астам адам еңбек етеді.
Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу