Баспасөз баяны Қазатомөнеркәсіп сапартобының бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың ХХХҮ симпозиумына қатысуы туралы

15.09.2010

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының президенті Владимир Школьниктің басшылығындағы қазақстандық сапартоп бүгін Лондонда ашылған Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association - WNA) жыл сайынғы өтетін ХХХҮ симпозиумы жұмысына қатысуда.
 
Аталмыш симпозиум соңғы 35 жыл бойы әлемдік ядролық индустрияның беделді форумдарының бірі болып келеді. Ядролық энергетиканы дамытудың маңызды мәселелерін талқылауға биыл дүние жүзінің 30-дан астам елінен саланың барлық тармақтары бойынша 700 шақты маман бас қосты.
 
Бұл жолы ядролық қайта өрлеу тақырыбына арналған WNA симпозиумы аясындағы тақырыптық басқосуларда атом саласындағы жетекші мемлекеттердің өкілдері ядролық қауымдастықтың алдында тұрған жаһандық міндеттерді сарапқа салады. Пікір алмасулардың негізгі тақырыптары – «Атом индустриясының одан әрі дамуын қамтамасыз ету», «Ядролық рыноктардың инфрақұрылымын жасау», «Отын циклының алдыңғы бөлігін дамытудың ағымдағы жайы», «Ядролық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету», «Жаңа ядролық зауыттар құрылысының нақты қырларын зерттеп үйрену». Форумның екінші сессиясында Қазақстанда ядролық саланы дамыту туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының вице-президенті Ғалымжан Пірматов баяндама жасайтын болады.
 
Қазатомөнеркәсіп WNA симпозиумы шеңберінде дәстүрлі түрде Вестминстер Орталық Холлында (Central Hall Westminster-CHW) ұйымдастырылатын мамандандырылған көрмеге өз экспозициясымен де қатысып отыр. Форум барысында, сондай-ақ ұлттық атом компаниясының өкілдері қазіргі және ықтимал іскер әріптестермен келіссөздер жүргізуді де жоспарлаған.
 
АНЫҚТАМА
Қазатомөнеркәсіп 1993 жылдан аталмыш қауымдастыққа мүше. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық сенімді қуат көзі ретінде ядролық энергияны бейбіт қолдануда ықпалдасуға үндейді, сондай-ақ ядролық энергияны өндіру және өнім өндіру, конверсия, байыту, отын әзірлеу, атом электр стансаларын салу, ядролық отынды тасымалдау мен қауіпсіз көмуді қамтитын ядролық отын циклының барлық аспектілеріне қатысты мәселелермен де шұғылданады. Қауымдастық техникалық, коммерциялық, саяси және экологиялық мәселелер бойынша өз мүшелерінің іс-әрекетін ұйымдастырады және жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. WNA беделді халықаралық ұйым МАГАТЭ-мен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастыққа мүше компаниялардың үлесіне дүние жүзінде өндірілетін атом электр энергиясының үштен екісі мен әлемдік уран өндірісінің, конверсияның және байытудың 90 пайызы тиесілі. Бүгінгі таңда қауымдастыққа жер шары тұрғындарының 80 пайызын құрап отырған 30 елдің компаниялары мүше.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
 pr@kazatomprom.kz

жаңалықтарға оралу