Баспасөз баяны мерейтойлық X Спартакиаданы өткізу туралы

16.08.2010
 
Бүгін Алматыдағы «Динамо» стадионында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының мерейтойлық Х спартакиадасына старт беріледі. Дәстүрлі спорт мерекесі бұл жолы Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Кең байтақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарынан) келген уран саласының 700-ге жуық қызметкерлері өзара сайысқа түседі. Ұлттық атом компаниясының құрылымдық бөлімшелері, филиалдары, біріккен және еншілес кәсіпорындары 23 командаға бөлініп, шеберліктерін сынға салады.
 
Алдағы бес күн бойына спорттың бұқаралық 6 түрі: мини-футбол, волейбол, пинг-понг, бадминтон, шахмат және жеңіл атлетикадан мықтылар анықталатын болады. Х Спартакиада 20 тамыз күні кешқұрын жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның дәстүрлі Спартакиадасы 26 мыңнан астам адамды біріктіріп отырған компания өміріндегі маңызды корпоративті іс-шара болып табылады. Қазатомөнеркәсіп қызметкерлерінің салауатты да белсенді өмір салтын ұстанатындықтарын көрсететін бұл спорт сайыстары қоғамда спорт идеяларын насихаттауға қосқан компанияның үлесі болумен қатар, орналасқан жері мен қызмет түріне қарамастан кәсіпорындар қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынасты орнатуға және корпоративті мәдениетті нығайтуға қызмет етеді.
 
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz

жаңалықтарға оралу