Баспасөз баяны Өскеменде Ефим Павлович Славскийге ескерткіш-бюст орнатылғаны туралы

25.08.2011

Өскемен қ.

25 тамыз күні Өскеменде үш рет Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың және үш рет КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Орта машина жасау министрі, Өскеменннің Құрметті азаматы Е.П. Славскийге орнатылған ескерткіш-бюстің салтанатты ашылу рәсімі болады.
 
Ескерткіш-бюстің ашылу салтанаты Ертістің Е.Славский есімімен аталатын жағалауында өтеді. Салтанатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасы міндетін атқарушы Юрий Шахворостов, Ресейдің Қазақстандағы Елшілігінің, «ТВЭЛ» ААҚ (Ресей), облыстағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Үлбі металлургия зауыты қызметкерлері мен Өскемен қаласының жұртшылығы қатысады.
 
Ефим Павлович Славский есімі КСРО атом саласының құрылуымен тығыз байланысты. Ол Кеңестер Одағының атом өнеркәсібі және ядролық индустриясының негізін қалаушылардың бірі. Орта машина жасау министрлігін дерліктей 30 жыл басқарған Е.П.Славский тұсында КСРО және Шығыс Еуропа елдерінің атом ғылымы мен техникасы қарыштап дамып, мемлекеттің ядролық қорғанысы нығайды, атом электр стансалары салынып, түрлі мақсаттағы ядролық қондырғылар іске қосылды, уран, алтын және минералды тыңайтқыштар өндірудің, медицинада, ауыл шаруашылығында және халық шаруашылығының басқа да салаларында изотоптарды қолданудың бірегей технологиялары өндіріске енгізіліп, жаңадан заманауи атомградтар бой көтерді.
 
Е.П.Славский Қазақстан атом саласының дамуында да жарқын із қалдырды. Ол бүгінде отандық экономиканың стратегиялық маңызы зор шешуші салаларының біріне айналып отыр. Е.Славскийдің бастамасымен Қазақстандағы уран кен орындарын барлау үшін «Волковгеология» басқармасы ұйымдастырылып, Целинный және Прикаспийский таукен-химия комбинаттары салынды. Соңғы қос комбинаттың жанынан Степногорск және Ақтау (бұрынғы Шевченко) қалалары бой түзеп, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында уран өндірісі қолға алынды. Ол кісінің басшылығымен және тікелей қатысуымен Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында атом энергетикасын дамытуға байланысты тың жобалар батыл жүзеге асырылды.
 
Е.П.Славскийдің қолдауы арқасында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы индустриалды және әлеуметтік тұрғыдан кең ауқымда дами түсті. Самарда, Никитинкада мал шаруашылығы кешендері, Шемонаихада Үлбінің үстінен өтетін көпір салынды. Облыс орталығында ҮМЗ Мәдениет сарайы, Пионерлер үйі, Жас техниктер стансасы, Спорт сарайы, «Ертіс» қонақ үйі, Ертіс жағалауы, Стрелка шағын ауданы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға тапсырылды.
 
Көрнекті тұлғаның елге сіңген еңбегіне құрмет ретінде 1998 жылы, яғни көрнекті тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай «ҮМЗ» АҚ ұжымының ұсынысымен Ертіс өзенінің жағалауы Е.П. Славский есімімен аталатын болды.
 
Енді міне, ескерткіш-бюст орнату бастамасын да үлбі металлургия зауытының еңбек ұжымы мен ардагерлері көтеріп шығып, жобаны «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы қаржыландырды.
 
Қоладан құйылған, биіктігі 1,6 метрлік бұл ескерткіш-бюст 2,9 метрлік гранит тұғырға отырғызылады. Барлық жұмысты өскемендік мүсінші Хамитби Құлшаев пен мәскеулік мүсінші Александр Лягин атқарды. Жобаның сәулет жағын Үлбі жобалау-конструкторлық институтының («ҮМЗ» АҚ) жетекші сәулетшісі Станислав Христофоров басқарды. Е.Славскийдің сенімді бейнесін жасау үшін «ҮМЗ» АҚ-ның Көрме-ақпараттық орталығы мүсіншілерге Ефим Павлович туралы фильмдер мен фотоматериалдарды көптеп ұсынды. Осы орталықтың директоры Альберт Гофман, жетекші маман Светлана Мордвинова және Ертіс құрылыс басқармасының бұрынғы директоры Владимир Плохих ескерткіш авторларына ақыл-кеңестерін беріп, қолғабыс тигізді.
 
Аты аңызға айналған Орта машина жасау министрінің қоладан құйылған бұл бейнесі - өткен жүзжылдықтың көрнекті қайраткеріне деген бүгінгі ұрпақтың тағзымы.
 
 
Анықтама:
Славский Ефим Павлович (1898-1991) – кеңес заманының мемлекет және партия қайраткері. КСРО Орта машина жасау министрі (1957-1986). КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1958-1988). Үш рет Социалистік Еңбек Ері (1949, 1954, 1962), Лениндік сыйлықтың лауреаты (1980), үш рет КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949, 1951, 1984). Ондаған Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Өскемен қаласының Құрметті азаматы.
Е.П.Славский Донецк облысының (Украина) Макеевка қаласында, шаруаның отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1912 жылы Донбастағы шахтада бастады. Азамат соғысының қатысушысы, 1918 жылдан 1928 жылға дейін Қызыл Армия сапында болды.
1933 жылы Мәскеу түсті металдар және алтын институтын бітірді. 1933-1940 жылдары Орджоникидзе қаласындағы «Электроцинк» зауытында инженер, цех бастығы, бас инженер, зауыт директоры болып еңбек етті. 1940 жылы Запорожье қаласындағы Днепр алюмин зауытының директорлығына тағайындалды. 1941 жылдан 1945 жылға дейін Каменск-Уральск қаласындағы Урал алюмин зауытын басқарды.
1945-1946 жылдары КСРО Түсті металлургия халық комиссарының орынбасары болды. Сонан соң КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Бірінші Бас басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары (1946-1947, 1949-1953), №187 Комбинаттың бас инженері-директор орынбасары (1947-1949), КСРО Орта машина жасау министрінің орынбасары, бірінші орынбасары (1953-1957), КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы атом энергиясын қолдану жөніндегі бас басқарманың бастығы (1956-1957) қызметтерін атқарды. 1957 жылы Орта машина жасау министрі болып тағайындалды.
1962 жылдан 1988 жылға дейін Е.П.Славский КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа Шығыс Қазақстаннан сайланды. Осы жылдар аралығында ол Өскемен қаласы мен тұтас облыстың өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосты.
 
 
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23500-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

жаңалықтарға оралу