BeWS-9 Бериллийлі технологиялар бойынша IX халықаралық семинар туралы баспасөз баяны
15.09.200915
Семинарда көтерілетін өзекті тақырыптардың бірі – бериллийді азаматтық мақсатта пайдалану және оның қолдану аясын ұлғайту. Бериллийдің бірегей физикалық және механикалық сипаттарға ие болуы оны термоядролық синтез, атом энергетикасы, электроника және басқа да ғылымды көп қажет ететін салаларда қолдануға тартымды етеді. Ядролық энергетикалық технологияда оның жоғары радиациялығы мен коррозияға төзімділігі пайдаланылады. Бериллий өзі ағып өтетін жоғары температурадағы плазманы ластамастан термоядролық реакцияны қолдауға қабілетті бірден-бір табиғи материал саналады. Қазақстан дүние жүзінде нақты құрылмалық бериллий шығаратын екі өндірісшінің бірі ретінде Термоядролық тәжірибелік реактор (ИТЭР) жобасы үшін бериллий материалдарын әлеуетті жеткізіп беруші болып табылады. Ал бұл ғаламдық жобаға сондай-ақ, әлемнің жетекші елдері - Еуроодақ, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ және Жапония қатысуда. Бериллий және оның қорытпаларының (қола) түрлі сұрыптары навигациялық жүйелерді, ғарыш телескоптарын, жоғары жылдамдықта жазу және компьютерлік ақпаратты сақтау, икемді байланыс жүйелерін, ғарыш аппараттарының маңызды құрылмаларын жасауда кеңінен қолданылады.
ҮМЗ-нің құрылмалы бериллийдан жасалған күрделі жоғары технологиялық бұйымдар экспозициясы да осы семинарға орайластырылып көрсетіледі.
Бериллийлі технологиялар саласында еңбек ететін түрлі елдердің ғалымдары мен өндірісшілерінің Алматыда бас қосуы семинар қатысушыларын алдағы жұмыстарға оң ықпалын тигізетін жаңа іс-тәжірибелермен байытары анық. Ал оларды жүзеге асыру болашақтағы өзіндік іс-қимыл бағдарламасына айналмақ.
Аталмыш іс-шараның Қазақстанда өткізілуі еліміздің осындай бірегей жоғары технологиялық қызметте қол жеткізген жетістіктерін өзгелердің мойындауымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның болашақта бериллий және сол негізде жасалған бұйымдардың азаматтық мақсатта қолдану аясын ұлғайтудағы әлеуетті мүмкіндіктерін жоғары бағалауы да болып табылады.
АНЫҚТАМА
«Үлбі металлургиялық зауыты» акционерлік қоғамының Бериллий өндірісі әлемдегі ең көне және өнім өндіру ауқымы жөнінен екінші кәсіпорын болып табылады. Ол әлемдегі кен концентратын қайта өңдеуден сапалық параметрге бағыттап, дайын өнім түріне дейін шығаратын толық өндірістік циклі бар үш кәсіпорынның бірі. Өндіріс орнының тарихы КСРО Металлургия өнеркәсібі министрлігінде бериллий гидрооксидын өнеркәсіптік өндірістік жолға қою жобасы бекітілген 1950 жылдан басталады.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 120 тоннаға дейін түрлі бериллий өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Электроника, байланыс құралдары, машинажасау, мұнай және газ өнеркәсібінің шарықтап дамуын ескерген ҮМЗ өз өнімдерімен әлемдік рынокқа батыл енуде.
«ҮМЗ» АҚ Бериллий өндірісінің өнімдері АҚШ, Жапония, Еуроодақ елдері, Оңтүстік Кореяда кеңінен танымал. Ресей Федерациясы («БериллиУМ» ЖШҚ) мен ҚХР-да (Ulba-China Co., Ltd) дистрибьютерлік сауда ұйымдары ашылған. Қосымша құны барынша жоғары өнімдер шығаруды игеру мақсатында 2007 жылы бериллий қоласынан прокат жасайтын Yingtan Ulba Shine Metal Materials қазақстан-қытай біріккен кәсіпорнының негізі қаланды. Шығарылған өнім атом энергетикасынан басқа электроника мен радиотехникада кеңінен қолданылады.
Соңғы жылдары бериллий дайындамалары мен ірі көлемдегі бұйымдарға деген қызығушылық арта түскен. Технологияны жетілдіру бойынша «ҮМЗ» АҚ қол жеткізген соңғы жетістіктерге көлемі 1000 мм-ден асатын пластина түріндегі өте ірі көлемдегі дайындамалар алу жұмыстарын жатқызуға болады.
2008 жылы суық изостатикалық нығыздау қондырғысында алдын ала жинақталған ұнтақты ыстық нығыздау әдісімен ірі көлемдегі дайындама алудың технологиялық сызбасы ұсынылып, ол сәтті жүзеге асырылды. Үлбі металлургия зауытында жолға қойылған технология бұйымды жасауда тұрақты сипаттары мен кепілді сапасына қол жеткізуге қажетті уақытты айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Ірі көлемдегі дайындамаларды немесе пластина түріндегі бериллий өнімдерін әлеуетті тұтынушылар арасынан ИТЭР реакторының бірінші қабырғасы үшін панель жасаушылар да шығуы мүмкін. 2010 жылы диаметрі
«Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді. 2009 жылғы күзде «ҮМЗ» АҚ құрылғанына 60 жыл толады.
www.ulba.kz
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz
