БН-350 РЕАКТОРЫН ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒАРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ БІРІККЕН КЕҢЕС ТУРАЛЫ
15.06.2005«МАЭК-ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ЖШС БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
БН-350 РЕАКТОРЫН ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒАРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ БІРІККЕН КЕҢЕС ТУРАЛЫ
Кеңес қатысушылары:
ҚАЗАҚСТАН
Атом энергетикасы жөніндегі комитет, Ұлттық ядролық орталық, “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК, “МАЭК-Қазатомөнеркәсіп” ЖШС, Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы, “КАТЭП” АҚ, “Белкамит” ААҚ БК, “Промэнергопроект” ЖШС, “Қазэлектромаш” ЖШС
АҚШ
Мемлекет департамент (Қарусыздану және таратпау қоры), Айдах ұлттық зертханасы
ҰЛЫБРИТАНИЯ
RWE NUKEM компаниясы
Кеңес жұмыс бабындағы басқосу түрінде болып, соңғы үш айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға арналады. Басқосуды өткізудің мақсаты бұған дейін келісілген жұмыс тапсырмалары мен ағымдағы жобалардың орындалу барысына егжей-тегжейлі талдау жасау, туындаған проблемаларды талқылау, жұмыстың орындалу кестесін саралау, оларды жетілдіру мен тиянақтау, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) ауқымында атқарылатын жаңа жобалар үшін тәуекелдерді бағалау.
БН-350 реакторын қолданыстан шығару жұмыстары әуелден-ақ, яғни 1999 жылдан бері халықаралық сипат алған. Ол Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) басшылығында және осы беделді ұйымның тәжірибелі сарапшылары қатысуымен жүзеге асырылуда.
Осынау халықаралық кооперацияда БН-350 жылдам реакторы сияқты күрделі құрылғыны қолданыстан шығаруда әуел бастан-ақ қаржылай, техникалық және ұйымдастырушылық көмегін ұсынған Америка Құрама Штаттары маңызды рөл атқарады.
1999 жылдың желтоқсан айында АҚШ энергетика министрлігі мен ҚР энергетика, индустрия және сауда министрлігі Ақтау қаласындағы БН-350 реакторын қауіпсіз тоқтатудың бағдарламасын біріге орындау туралы Келісімге қол қойған болатын. Сол Келісімге сәйкес АҚШ энергетика министрлігі БН-350 реакторын қолданыстан шығару бойынша бірқатар жұмыстардың орындалуы барысында қаржылай және техникалық қолдау көрсетуді өз міндетіне алған еді.
Жоғарыда аталған Келісім негізінде Қазақстанның Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы мен АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті арасындағы S-LMAQM-01-A-0005 келісіміне қол жеткізілді. Осы келісім аясында АҚШ МемДепартаментінің Қарусыздану және таратпау қорының NDF 146 жобасы, кейінірек тағы бір жобасы - NDF 177 ашылды.
2001 жылы қол қойылған Келісім мерзімі 2003 жылы қайта қаралып, 2006 жылдың тамыз айына дейін ұзартылды.
Бағдарламаның басты қатысушылары - АҚШ тарапынан Аргон ұлттық зертханасы (қазіргі таңда қайта құрылған Айдах ұлттық зертханасы) болса, Қазақстан жағынан: Энергетика және минералды ресурстар министрлігі жанындағы Атом энергетикасы жөніндегі комитет, МАЭК РМК (қазіргі “МАЭК-Қазатомөнеркәсіп” ЖШС), Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы, Ұлттық ядролық орталық, “КАТЭП” АҚ.
Жобаның ерекшелігі – қазақстандық инженер-ғалымдармен бірге бір топтарда жұмыс істейтін Айдах ұлттық зертханасының қатысуы. БН-350 реакторын қолданыстан шығару барысында халықаралық үлгілерге сәйкестендіру және жобаны табысты аяқтау үшін біріккен жобалық топтарда жұмыс істеу тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді. АҚШ Энергетика министрлігі Айдах Ұлттық зертханасы мамандарының жұмысын қаржымен қамтамасыз етіп келеді.
NDF 146 жобасына мынадай міндеттер кіреді:
- Жобаны бастау – жобаның жоспарын жасау және бекіту, Қазақстан жағымен келісімдер орнату, АҚШ-Қазақстан біріккен жобалық командасын құру.
- Реактор корпусындағы натрийді және сақтау багінде орналасқан бірінші контурдағы ілгекті дренаждау технологиясын жасауды қамтитын бірінші контурлы натрийді дренаждау қондырғыларын жасау және конструкторлық жұмыстарын жүргізу.
- Қолданыстағы сақтау бактерінде бірінші контурлы натрийді дренаждау үшін қажетті технологиялық міндеттерді қамтитын бірінші контурлы натрийді дренаждау бойынша жұмыстарды атқару. Бұл сондай-ақ натрийді дренаждау және қайта өңдеу жұмыстары бойынша қызметкерлерлі дайындауды, қауіпсіздік және төтенше жағдайлар туындағандағы шараларды ды өз ішіне алады.
- Қауіпсіздік талдауы және қоршаған ортаға әсерін бағалауды қоса қамтитын БН-350 натрийін қайта өңдеу қондырғысын орнату бойынша жобалық жұмыстарды атқару.
- Реактордың бірінші корпусындағы ілгек мен корпустағы натрий қалдықтарын жою бойынша жобалық жұмыстарды орындау.
- Бірінші контурлы натрийді қайта өңдеу қондырғысын орнату үшін жобалау, жасау және жеткізіп беру.
NDF 177 жобасы өзіне дейінгі NDF 146 жобасының жұмыстарын жалғастыруды көздейді де, натрийді қайта өңдеу қондырғысының ғимаратын құруды, қондырғыларды сатып алу мен жеткізіп беру, оны монтаждау, пайдалануға тапсыру шараларын қамтиды.
Жобалардың түпкілікті мақсатына қол жеткізу үшін АҚШ тарапынан шақырылған мамандар қауіпсіздік, жобаны басқару бойынша құжаттарды дайындауда қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Айдах ұлттық зертханасында (АҰЗ) мұндай жұмыстарды жүргізу тәжірибесі бар, өйткені ол натрийді қайта өңдеу және дренаждау кезеңі жүзеге асырылып жатқан жылдам нейтронды EBR II тәжірибелік реакторына жауапты саналады. Сол сияқты АҰЗ БН-350 қолданылған отынын орналастыру бойынша біріккен жұмыс топтарындағы сәтті тәжірибелерге де ие.
Қазіргі таңда натрийді дренаждау, сондай-ақ натрийді қайта өңдеу қондырғыларын жобалау жұмыстары аяқталып, ғимараттың құрылысы, негізгі қондырғыларды дайындау және қосалқы қондырғыларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
2003 жылы осы айтылған жұмыстар бойынша ынтымақтастық аясы кеңейіп, Қазақстан мен АҚШ-қа Ұлыбритания да қосылды. Ұлыбританияның көмегі Сауда және индустрия министрлігі арқылы көрсетілуде. Бүгінде RWE NUKEM компаниясының мамандары қазақстандық мамандарды жобаны басқару тәсілдеріне, тәуекелді бағалау шараларына оқытып, радиоактивті қалдықтарды жою технологиясы бойынша бай тәжірибелерімен ортақтасуда. Британдық мамандар сондай-ақ, металдық натрийді қайта өңдеу ісіндегі мол тәжірибелерін де қазақстандық әріптестеріне үйретуде.
NDF жобасы бойынша жұмыстардан басқа, американдық және ағылшындық тараптар халықаралық жоба аясында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты да қаржыландыруға қатысуда. Мұнда бірқатар жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы кеңесте мынадай төрт жоба бойынша жұмыстың жайы қаралады:
- Радиоактивті сілтіні геоцементті тасқа айналдырудың тәжірибелік-өнеркәсіптік технологиясын дайындау және оны жүзеге асыратын қондырғылар жобасы.
- Радиоактивті сілтіні қайта өңдеу үшін балама технология жобасы.
- Цезийлі қақпандар бойынша жоба аясындағы жұмыстарды жалғастыру.
- БН-350 реакторы контурларындағы натрий қалдықтарын жою жобасы.
