Дебюттық еурооблигацияларды орналастыру
14.05.2010Алматы қ.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы 500 млн. АҚШ доллары сомасындағы дебюттық еурооблигацияларды 6,25% купондық мөлшерлемемен 5 жылдық мерзімге орналастырды. Бұл дамушы рыноктардың эмитенттері еурооблигацияларын шығару тарихындағы ең үздік көрсеткіш болып отыр. Инвесторлардың өтінімдер кітабы 4,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Осылайша Қазатомөнеркәсіп облигацияларына сұраныс бастапқы ұсыныстан 8 есеге артып түсті.
Табыстылық 2010 жылғы 14 мамыр күні өткізілген өтінімдер кітабын жабудың қорытындысы негізінде анықталды. Алғашқы тікелей шығарым бойынша қазақстандық инвесторлардың үлесі шығарылымның 10%-на тең болды, яғни 50 млн. АҚШ доллары.
Компанияның дебюттық еурооблигацияларын орналастырудың осынау оң нәтижесі Қазақ Елінің биік беделі мен оған деген әлемдік қауымдастықтың жоғары сенімін аңғартқандай. Мұның барлығына халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ халықаралық нормативтер мен МАГАТЭ регламенттеріне сәйкес ядролық таратпау режимін нығайту бойынша еліміздің шебін күшейтудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке үлесінің арқасында қол жетіп отыр.
Сонымен қатар, бұл оқиға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның даму қарқыны атом саласын өркендетудің жалпыәлемдік үрдістерімен сабақтасып жатқанының жарқын мысалы бола алады және алдағы уақытта да компанияның уран рыногындағы тұрақты шебін қамтамасыз етеді.
Облигациялар Reg S/144A ережелері бойынша орналастырылуда, есеп айырысу мерзімі – 2010 жылдың 20 мамыры деп күтілуде. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еурооблигациялардың дебюттық шығарылымының бірлескен жетекші менеджерлері мен букраннерлері етіп JP Morgan және BNP Paribas қаржы институттарын тағайындады, ал отандық жетекші менеджер ретінде «Halyk Finance» АҚ-на сенім білдірілді. Аталмыш облигациялардың шығарылымы ағылшындық құқықпен үйлестірілуде.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
