Әлемде № 1!
30.12.2009Алматы
Қазақстан Республикасы уран өндіру жөнінен дүние жүзі бойынша бірінші орынға шықты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Тау-кен компаниясы» ЖШС-де хабарлағанындай, 2009 жылғы 21 желтоқсан күні жылдық жоспар орындалды. Өндірілген табиғи уран 13500 тоннаны құрады. Жыл соңына дейін тағы да кемінде 400 тонна уран өндірілетін болады. Ux Consalting агенттігінің болжамды деректерінде үстіміздегі жылы Канада 9934 тонна, Австралия 8022 тонна табиғи уран өндіретіні айтылған.
Қазіргі кезде Қазақстанда 21 кеніш жұмыс істеп тұр. Табиғи уран өндіру экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен жүргізіліп келеді. Өнім өндіру көлемі 2008 жылғымен салыстырғанда 63 пайызға артты. Бұған жаңа кеніштерді іске қосу және бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын ұлғайтудың арқасында қол жеткізілді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ вице-президенті Нұрлан Рыспанов мәлімдегендей, «айтарлықтай технологиялық проблемаларға, сондай-ақ 2008 жылы және 2009 жылдың басында туындаған саланы күкірт қышқылымен қамтамасыз етудегі үлкен қиындықтарға қарамастан ҰАК ұжымының табандылығы және Қазмырыш пен Қазақмыс компанияларымен келісе отырып жұмысты ұйымдастырудың нәтижесінде 2009 жылдың екінші жартысында қалыптасқан жағдайды жеңіп, жоспарлы көрсеткіштеріне шығудың сәті түсті». Атом энергетикасының қарыштап дамуына және қосалқы көздер есебінен жүргізілетін жеткізіп берулердің қысқаруына қарай, 2016 жылдан бастап әлемде табиғи уран тапшылығы байқалатыны болжануда. Сол тапшылықты қамту мақсатында Қазақстанда өндірілетін уран көлемін 2010 жылы 18 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Уранға барынша жоғары сұраныс болатын бұл кезеңде де еліміз уран өндіру бойынша көшбасшылық шебінде нық тұратын болады».
Нұрлан Рыспанов «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының стратегиялық мақсаттарының бірі қосымша құны барынша жоғары экспорттық өнім алу үшін ядролық-отын циклының барлық буындарына қатыса алатын, сондай-ақ Қазақстанда өндірілген уранның әр килограмынан ЯОЦ одан кейінгі барлық кезеңдерінде мейлінше мол табыс алу үшін тігінен интеграцияланған компания құру екенін айрықша атап көрсетті. Жоғары бөлістер саласындағы атом энергетикасы рыногының әлемдегі жетекші ойыншыларымен қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдердің арқасында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қазіргі кезде осы бағытта жұмыстар жүргізуде.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2010 жылы жаңадан жоғары технологиялық жобаларын жүзеге асыра бастайды. Атап айтқанда, Қазақстанда сирек және сирек-жер металдар негізінде ғылымды көп қажет ететін және жоғары технологиялық өндірісті жасауды, балама қуат түрлерінің қондырғыларын дайындауды қолға алатын болады.
Сондай-ақ, уран өндірілетін өңірлерді және оларға жақын маңдарды әлеуметтік дамыту бағдарламалары жалғасын табатын болады. Осы мақсаттарға 2010 жылы компания 3 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсауды жоспарлаған.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
«Тау-кен компаниясы» ЖШС– «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 100 пайыздық еншілес кәсіпорны. Негізгі міндеті – табиғи уран өндіру және оның концентратын шығару болып табылады. Таукен компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның толық меншігіндегі кен орындарын игерумен шұғылданады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстарында орналасқан біріккен кәсіпорындардағы компанияның үлестерін басқарады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімге сәйкес компанияның уран өндіретін кәсіпорындар базасында құрылған елді мекендердегі әлеуметтік саланы дамытуды және әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы өмірлік маңызы бар нысандарды күтіп ұстауды қаржыландыру бойынша міндеттері бар. Бүгінгі таңда «ТКК» ЖШС-де 3,5 мыңдай адам еңбек етеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
