Француздың «Арева» компаниясы мен Қазақстан ядролық отын циклы саласындағы стратегиялық маңызды келісімге қол жеткізді

11.06.2008

Француздың «Арева» компаниясы мен Қазақстан ядролық отын циклы саласындағы стратегиялық маңызды келісімге қол жеткізді.

Бүгін, 2008 жылғы 11 маусым күні Парижде «Арева» компаниясының Бас атқарушы директоры Анна Лавержон мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Мұқтар Жәкішев әріптестікті одан әрі нығайта түсетін келісімге қол қойды.

Келісім шарттарына сәйкес, «Катко» біріккен уран өндіруші кәсіпорны (иелік ету үлесі: Қазатомөнеркәсіп – 51%, Арева – 49%,) 2039 жылға дейін жылына 4000 тоннадан уран өндіріп, ал оны өткізумен Арева компаниясы шұғылданады.

Арева сондай-ақ Қазатомөнеркәсіпке қарасты Үлбі металлургия зауытында жылдық қуаты 1200 тонналық отын құрамаларын шығаратын өндірісті құру қажетті техникалық қолдауды қамтамасыз етеді. Жаңадан құрылатын біріккен кәсіпорынға (Қазатомөнеркәсіп – 51%, Арева – 49%)  қарасты жинақтау өндірісінде француздық дизайндегі реакторлар үшін өндірістік қуаты 400 тонналық жеке желі жұмыс істеп, оған қажетті отын түймелерін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жеткізіп береді. Бұл өнімді өткізу ісімен осы екі компания қатысуымен арнайы құрылған біріккен кәсіпорын (Арева - 51% және Қазатомөнеркәсіп - 49%) айналыспақ. Қалған 800 тонна өнім отын ретінде басқа дизайндегі реакторларға қолданылатын болады.

Тараптар сондай-ақ, «Катко» біріккен кәсіпорнының әлеуметтік салаға бөлінетін қаржысын көбейтуге келісті.

«Бұл келісімге қол қоя отырып қос компания да өзара артықшылықтарға ие болды. Бұл бізге отын ресурстарын диверсифициялауға және оны тұтынушыларға кепілдікпен жеткізіп беруге көмектеседі»,- деп түсінік берді Анна Лавержон.

Мұқтар Жәкішев: «Қол қойылған келісім «Қазатомөнеркәсіп» және «Арева» компаниялары арасындағы ұзақ мерзімді әрі жемісті қарым-қатынастың нәтижесі. Біз үшін ол отын құрамалары сияқты мейлінше жоғары қосымша құны бар өнім өндіруге қабілетті толық ядролық отын циклына ие тігінен интеграцияланған трансұлттық компания құру жолындағы маңызды қадам болып табылады» деп атап көрсетті.

Екі жақтың өкілдері келісімнің түпкілікті нұсқасына 2008 жылғы қыркүйекте қол қоюға тиіс.


жаңалықтарға оралу