КАТКО Созақ ауданындағы Шолаққорған кентінде жаңа мектеп ашты
01.09.2011ОҚО
Бүгін Катко компаниясы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған кентінде жаңа мектеп үйін ашты. Соған орай ұйымдастырылған салтанатқа компания құрылтайшылары (АРЕВА және Қазатомөнеркәсіп), аудандық әкімдік, қоғамдық ұйымдар өкілдері және компания басшылары қатысты.
Асқар Сүлейменов атындағы жаңа мектептің құрылысын түгелдей осы өңірде уран өндіретін «КАТКО» қазақстан-француз бірлескен компаниясы қаржыландырды. Жаңа ғимарат 1953 жылы салынған ескі мектеп үйін толығымен алмастыра алады.
Заманауи білім ордасында бастауыш және жоғарғы сыныптарда оқитын 200 шақты оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектептің үш блогының бірі тұтастай спорт залы, акт залы және асханадан тұрады.
Жобада қарастырылғандай, оқу ғимараты физика, химия және биология пәндері бойынша мемлекеттік оқу бағдарламасы талаптарына сай білім беруге үшін қажет болатын барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектепте шет тілдерді үйрену үшін лингафон, компьютерлік оқу, сондай-ақ электр плитасы, тігін машинасы, токарлық, фрезерлік станоктар орнатылған дәстүрлі үй шаруасына және еңбекке баулитын сыныптар қарастырылған. Ал бастауыш сыныптар блогында мектепке дейінгі дайындық тобындағылар үшін төсек орындары мен ойын автоматтары бар арнайы сынып бөлмелері ұйымдастырылған. Сонымен қатар мектепте дәрі егу және тіс дәрігері, сондай-ақ психолог кабинеттері де жұмыс істейтін болады.
Мектептің ашылу салтанатында сөз алған «КАТКО» БК» ЖШС Бас директоры Конрад Шауэр: - «КАТКО компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы ірі жұмыс берушілердің бірі ретінде осы жаңа мектеп үйін қаржыландыру арқылы Қазақстандағы білім беру саласының материалдық базасын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға өз үлесін қосқанына қуанышты» - деді.
КАТКО БК – 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Шымкенттен шамамен 250 шақырымдай солтүстікке қарай орналасқан Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру және уран өндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған. Бүгінде компанияда 1170 адам еңбек етеді. Жер асты ұңғымалы шаймалау технологиясын қолдануға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кеніштердің жылдық өнім өндіру көлемі 3100 тоннадан асады, ал жалпы уран қоры 65000 тоннаны құрайды. КАТКО 2012 жылдан бастап өндіріс көлемін жылына 4000 тоннаға жеткізуді өз алдына мақсат етіп белгілеген.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
