Қазақстан мен Франция қайтадан жаңаратын қуат көздері саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

25.04.2011


«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сапартобы компанияның Басқарма төрағасы Владимир Школьник басшылығында іскерлік сапармен Франция елінде болып қайтты.
Сапардың басты мақсаты - жаңғырмалы қуат көздері саласындағы қазіргі заманғы жетістіктермен танысып, француз әріптестерімен тәжірибе алмасу.
Владимир Школьник сапарын Парижде Францияның Экология, көлік және тұрғын үй министрі Натали Косюшко-Мориземен кездесумен бастап, Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Сакле қаласында Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК атынан, Франция Атом энергетикасы жөніндегі комиссариат (СЕА) атынан Бернар Биго жаңғырмалы қуат көздерінің алуан түрлері үшін жаңа материалдар жасау бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер бағдарламасын жүргізудегі ниеттестік Меморандумына қол қойды.
Аталмыш Меморандум Қазақстан мен Францияның мүдделестігін танытып ғана қоймастан, күрделі жобаларды жүзеге асырудағы алғашқы батыл қадам да болып саналады. Бұл ретте бірінші кезекте СЕА технологияларын жеткізу болып отыр, бұл елімізде жаңа энергия көздерін жасау үшін өз әлеуеттерімізді барынша толық пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазатомөнеркәсіп пен СЕА күн, сутегі сияқты тағы да басқа жаңғырмалы және балама қуат көздерін дамыту, сондай-ақ энергияны сақтау мәселелері бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасын құруға мүдделестіктерін білдірді.
Зерттеу жұмыстарын жаңа қуат көздері технологиясында жеке компонент ретінде де, таза материалдардың құрамалары түрінде де алдағы уақытта өнеркәсіпте тұрақты қолдану мүмкіндігі мол сирек және сирек-жер металдармен жүргізу көзделген.
Қазатомөнеркәсіп басшысы В.Школьник пен Францияның атом энергиясы және балама қуат көздері жөніндегі комиссариаттың Бас басқарушысы Бернар Биго Қазақстандағы жаңғырмалы қуат көздері саласындағы жаңа жобаларда жұмыс істейтін отандық мамандарды даярлау жолдарын да келісіп алды. Атап айтқанда, Өскемендегі металлургиялық кремнийді күн сапасына дейін тазартатын зауытты іске қосу және Астанада салынатын күн батареяларының өндірісіне қатысты мәселелер төңірегінде сөз болды. Әлемдік деңгейдегі нағыз заманауи зауыттар болады деп отырған бұл кәсіпорындар Қазақстанда алдағы екі жыл көлемінде бой көтермек.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23500-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу